14 Сәуір, 2021 Барлық аймақтар
Фото: baigenews.kz
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру керек. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса айтты.
– "Ақ жол" фракциясы биыл 3 наурызда "Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру - саяси әділетсіздік" атты депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Онда өңірлердегі Алаш қайраткерлерінің есімдері ұмыт қалып отырғаны айтылған еді. Енді анықталғандай, елеусіз қалғандар тек Алаш қайраткерлері ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш көсемдерінің өздері де лайықты ұлықталмай жатқанына көз жеткіздік. Биыл Орта Азиядағы тұңғыш саяси партия "Алаш" партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына арналған іс-шаралар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен тәуелсіздіктің 30 жылдығы бағдарламасына енгізілді. Таяуда 31 наурызда Түркістан декларациясын қабылдаған түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Тұранның ұлы тұлғаларының ішінде Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойын да бірлесе атап өтуге шешім қабылдады. Қарағандыдағы Октябрь ауданы енді Әлихан ауданына айналды, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қалалардағы бойында бірде-бір оқу-мәдени орындары жоқ бұл көшелердің барлығын Әлиханның көшесі деп елге көрсетудің өзі ұят.
– Дегенмен, елімізде Алаш көсемінің атына лайық ешқандай көше жоқ екенін анықтадық. Астанамыздан бастасақ, Бөкейханов көшесі орталықта емес, елеусіз ол көшені көбінесе "Мәңгілік ел" көшесіндегі кептелістен қашқан жүргізушілер жақсы біледі. Алматыдағы Бөкейханов көшесі қала шетіндегі өндірістік аудандағы базар артындағы қуыста орналасқан. Шымкенттің шетіндегі Тассай ауылының тасасында қалған Бөкейханов көшесінің ұзындығы 500 метрдей ғана, жиырма шақты үй орналасқан, тіпті жарық та жоқ. Алаш Ордасы аталған Семейде де, облыс орталығы Өскеменде де Әлиханға лайықты көше жоқ, шалғайдағы шағын аудандардағы жиырма шақты үйден тұратын шағын көшелер. Қалалардағы бойында бірде-бір оқу-мәдени орындары жоқ бұл көшелердің барлығын Әлиханның көшесі деп елге көрсетудің өзі ұят. Қазақ елінде біртуар тұлғамыздың атына лайық көше болмауы және қазақ ауылшаруашылығының басында тұрған ғұлама, ғалымға бірде-бір жоғары оқу орнының аты берілмеуі – Алаш көсемінің аруағына жасалған қиянат, – деді ол.
Сонымен қатар Қазыбек Иса "Ақ жол" партиясының ұсынысын жеткізді.
– Ә.Бөкейханның негізгі мамандығы – ормантанушы-ғалым, яғни агроном. Ол – қазақтың жер-суын, дәстүрлі шаруашылығын зерттеген экспедицияларға қатысып, қой, ірі қара және жылқы тұқымдарын зерттеп, 3 іргелі ғылыми монография, ондаған ғылыми мақала жазған, қазақ ауылшаруашылығы ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым. Сондықтан оның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру әбден лайықты деп санаймыз.
Екінші, елордамыздағы Тұран мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы бос тұрған алаңға "Алаш" аллеясын ашып, Әлихан ескерткіші мен Алаш қайраткерлері бюстерін орнату қажет.
Үшінші, еліміздегі барлық қала орталығынан Әлихан Бөкейхан атына лайықты көше беріліп, Алаш алаңдары ашылуы тиіс, – деді депутат.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір