• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 06:13:49
Алматы
+12°

«Алматы жастары 3.0»: санат тізімі кеңейіп, жеңілдетілген қарыз сомасы ұлғайды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев желідегі парақшасында жазды.

Әкім жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру бойынша қалалық бағдарламада қандай жаңалықтар пайда болғанын және қанша өтініш түскенін хабарлады.

«Өткен жылы жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша «Алматы жастары 3.0» бірегей қалалық бағдарламаны әзірлеп, іске қостық. 35 жасқа дейінгі мыңдаған жас алматылықтар 25 жылға дейінгі мерзімге жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген тұрғын үй заемын алу құқығына ие болды. Барлығы – 1 мың қарыз», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, сұраныстың артқаны ескеріліп, биыл бағдарлама жалғасын тапты. Бұл ретте қарыз сомасы 5 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін ұлғайды. Бұрынғыша тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан таңдауға мүмкіндік бар.

Санат тізімі де кеңейтілді. Енді медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлер сияқты кәсіп өкілдерімен бірге құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бағдарламаға қатысу құқығына ие болды.

Биыл 10-31 наурыз аралығында 9 741 өтініш келіп түсті, Оның 3 828-і бағдарлама талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылданбады.

Бағдарламаға қатысуға 5 913 өтініш қабылданды. Соның ішінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен – 1 716; білім беру – 2 356; мәдениет – 225; спорт – 55; ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері – 639; БАҚ – 111; Әлеуметтік сала – 57; құқық қорғау органдары – 754.

Балды есептегеннен кейін сала бойынша ең көп балл жинаған мың үміткер 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкке» төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама алады. Төлем қабілеттілігін растаған қатысушылар 45 жұмыс күннің ішінде бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үйді дербес таңдауды жүзеге асырады.

Тізімді www.almaty-zhastary.kz сайтынан көруге болады.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір