01 Мамыр, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ КСР-нің халық әртісі, әншi, композитор Ескендір Хасанғалиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатты Ақорданың ресми сайты жариялады.
"Ескендір Өтегенұлын халқымыз қоңыр дауысты әнші және жан тебірентерлік әндер шығарған композитор ретінде өте жақсы көрген еді. Ұзақ жылғы шығармашылық жолында жемісті еңбек етіп, отандық музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты.
Халқымызға 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармаларын тарту етті. Әсіресе, "Атамекен", "Анаға сәлем", "Есіңе ал", "Айналайын", "Әдемі-ау", "Гүлсезім" және басқа да тамаша туындылары көрермен тарапынан жоғары бағасын алды.
Халқымыздың сүйіспеншілігі мен айрықша құрметіне бөленді. Еліміздің өнері мен мәдениетін өркендетуге атсалысып, соңына жарқын із қалдырған Ескендір Өтегенұлының бейнесі ұмытылмайды, есімі халқымыздың жадында сақталады", делінген жеделхатта.
Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев 30 сәуірде 81 жасында дүниеден өтті.
Бұған дейін Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы Дарико Хасанғалиеваның коронавирус жұқтырып, жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір