18 Мамыр, 2021 NEWS
Фото: bilimdinews.kz
Қазан қаласында болған оқиғадан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп басшыларына тапсырма берді. Бұл туралы ол ведомствоның аппарат жиналысында айтты.
– Ата-аналар балаларын балабақшаға әлде мектепке жібергенде алаңдамауы керек. Тезірек қауіпсіздік шаралары қабылданып, оқушыларға жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін тиісті жұмысты ұйымдастыру керек. Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Біз білім саласында кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек. Бұл бағыт бойынша президент тапсырма берді. Сондықтан "дабыл" түймелерін, бейнебақылау жүйелерін орнатуымыз керек. Оның ішінде орталықтандырылған полиция бекеттерін қойып арнайы күзет болуға тиіс, – деді министр.
Аймағамбетов мектептің әрбір қызметкері мен оқушысы төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау қажеттігін білуге тиіс екенін атап өтті.
– Бұл үшін оқу-жаттығу өткізу қажет. Біз қазір тиісті нұсқаулықтарға міндетті нормаларды енгізіп жатырмыз. Білім ұйымдарын аттестаттау кезінде оқу бағдарламасы, білім сапасына ғана емес, мектептің қаншалықты қауіпсіз екеніне де назар аударамыз. Мектеп бітірген бала өз мектебіне қарумен бару деген ол, ең алдымен, тәрбие жұмысына қойылатын сұрақ. Ең алдымен, білім мазмұнына, білім бағдарламасына қойылатын сұрақ. Сондықтан біз күзет, психолог, бейнебақылау, дабыл түймелері деп қана отырмай, тәрбие жұмысын да жандандыруымыз керек. Ең басты мәселе – құндылықтарға негізделген білім беру, – деді ол.
Еске сала кетейік, Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектепке 19 жастағы жасөспірім қарумен шабуыл жасап, соның салдарынан екі мұғалім, жеті оқушы қаза тауып, 21 адам жарақат алған.
Күлікті кінәсін толығымен мойындаған. Ол "адам өлтіру" фактісі бойынша айыпталуда.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір