24 Шілде, 2021 NEWS
Фото авторы: Жеңіс Ысқабай
Дзюдодан Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанған Елдос Сметов екінші медаліне қатысты ойымен бөлісті. Бұл туралы Olympic.kz сайты хабарлады.
– Шыны керек, мен қола емес, алтын аламын деп келдім. Рио олимпиадасынан кейін татамиден алыстап кетпей, үлкен спортта қалуымның да бір себебі осы еді. Күмістен кейін алтын алғым келді. Еліміздің әнұранын шарықтатып, көк байрағымызды биіктен көруді армандадым. Сол үшін тынбай еңбек еттім де. Бірақ маған бұйырып тұрғаны қола жүлде екен, – деді Е. Сметов.
Дзюдошы жартылай финалдағы жекпе-жегі өте тартысты өткенін атап өтті.
– Мен барымды салдым. Спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерімді, бар күшімді бүгін Токио татамиіне тастап шықтым. Бойымда күреске деген қандай қасиет болса, соның бірін де аяп қалмадым. Жартылай финалдағы жекпе-жекті көрдіңіздер. Өте тартысты өтті. Қайта-қайта шабуылға иек артып, қарсыласымды тұқыртуға тырыстым. Алайда, жеңіс бүгін менің жағымда емес екен.
Иә, жапондық балуан Наохиса Такато менімен кездесуге финалдық белдесуге шыққандай дайындықпен келді. Оның финалға және оған дейінгі жекпе-жектерге қалай дайындалғанын көрдім. Жартылай финалға ерекше әсермен беттеді. Екеуміз талай мәрте кездесіп жүрміз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Бүгінгі белдесудің тым ұзаққа созылғанының себебі де осы.
2020 жылдың басында біз нағыз бабымызда болдық. Алайда, әлемдегі пандемия салқынын тигізді. 8-9 ай бойы бірде-бір жарысқа қатысқан жоқпыз. Десе де, бұл күндердің бәрі артта қалды, қиындықтың бәрін жеңіп шықтық. Соған қуанамын, – деп жекпе-жектен кейінгі әсерін айтты.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір