• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 06:19:18
Алматы
+12°

28 Қыркүйек, 2021 NEWS

«Nur Otan» жас қаламгерлерге арналған әдеби байқау жариялайды

Бұл «Nur Otan» мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы Меморандум аясында жүзеге аспақ.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Елордада «Nur Otan» партиясы мен Жазушылар Одағы Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, оның аясында алғашқы шара – «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізу, еліміздің мәдениеті мен өнерін дамыту, ұлттық құндылықтарды өрістету жайлы істерді бірлесе атқару туралы ортақ бәтуаға келді. Қол қою рәсіміне Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы Әлібек Асқаров, ақындар Несіпбек Айтұлы, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қаламгерлер, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясының басшылығы қатысып, Меморандум шеңберінде алда атқарылатын жобаларды пысықтады.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Жиында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі ұйымның мемлекеттік және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мақсаттарының тоғысатын тұстары көп екенін алға тартты. Ол екіжақты меморандумға қол қойып, Елбасы қойған міндеттерді бірлесе жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Биыл – еліміз үшін айшықты жыл. Осы 30 жылда біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп, шекарамызды шегендедік, ішкі-сыртқы дамудағы басты бағыттарымызды айқындадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен саяси-экономикалық реформалар одан әрі жалғасып жатыр. Елдің дамуы туралы айтқанда, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ғана емес, руханият мәселелері де ұдайы назарда болуы тиіс. Себебі Тәуелсіздіктің басты құндылықтарын екшейтін, оның мәнін өскелең ұрпаққа жеткізетін – әдебиет пен өнер өкілдері, – деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, Меморандумға қол қоюдағы басты мақсат – еліміздің мәдениетін дамыту, елдің интеллектуалдық өресін көтеріп, эстетикалық талғамын ұштау, сондай-ақ, қазіргі заманғы жазушылар мен ақындардың шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ әдебиетінің және поэзиясының дамуын ынталандыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру.

Осы орайда партия төрағасының бірінші орынбасары Жазушылар Одағымен бірлесе отырып, жас жазушылар мен ақындар арасында өтетін биылғы «Ұлы дала» байқауының мәні мен мазмұнына тоқталды. Байқаудың мақсаты – Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін, мемлекет іргесін бекітудегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаз рөлін айшықтау және қоғамды рухани жаңғыртудың идеялары мен құндылығын көрсететін қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау.

Байқау «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көркем фильм мен телесериал сценарийі»», «Балаларға арналған шығарма» атты бес номинация бойынша өткізіліп, әрқайсысы бойынша 3 жүлделі орын анықталады.

Бірінші орын (1 жүлде) үшін – 1 000 000 теңге, екінші орынға (1 жүлде) – 750 000 теңге, үшінші орынға (1 жүлде) – 500 000 теңге жүлде белгіленіп отыр.

Байқауға 18-ден 40 жасқа дейінгі ақындар, жазушылар, драматургтер мен сценаристер қатыса алады.

Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осындай байқаулардың «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» таланттардың іріктеліп, көпшілікке танылуына септесетінін алға тартты. Ол ел ішіндегі таланттардың танылуын ынталандырып, шығармашылыққа, өнерге, мәдениетке ұдайы қамқорлық танытатын партия басшылығына жазушылар қауымының атынан ризашылығын білдірді.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

– 30 жылда біздің жеткен жетістіктеріміз, іркілістеріміз, жемістеріміз бен жеңістеріміз, дағдарыс пен кідіріс дейтін мәселелерді қалай еңсеріп, қалай жеңгеніміз, қандай биіктерге шыққанымыз соның барлығы цифрларда сайрап жатқанынмен, оларды шығармашылық адамдарының жүрегінің домнасында қорытып, образға орап, көркем тілмен бейнелеп, халыққа көркем шығарма ретінде ұсынып жатса, ол ұрпақтардың көңілі мен жүрегінде мәңгілік қалатыны сөзсіз. Ал Меморандум ойға алған істерді заңдастырып беретін құжат болғандықтан, оған біз қуана қол қоямыз. Байқаудың ережесі де көңілімізден шығып отыр. Бес жанр бойынша бес номинация белгіленген. Телесериал сценарийі бойынша номинация тағайындау бұрын болған емес. Бұдан бөлек биылғы жыл Президенттің жарлығымен «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланғанын білесіздер. Осы орайда балалар әдебиетіне де арнайы номинацияның арналып отырғаны өте құптарлық. Балалар әдебиеті осындай қамқорлықтың арқасында бір белестен асып жатса, дүниеге балалар сүйіп оқитын шығармалар, жаңа классика келіп жатса, онда «Nur Otan» партиясы мен Жазушылар одағының бірлескен жобасының мұратына жеткені, – деді Ұ.Есдәулет.

Ал «Ұлы дала» байқауы комиссиясының төрағасы, белгілі жазушы Әлібек Асқаров осындай шығармашылық байқаулардың маңызына тоқталып, оған түскен жүздеген шығарманың арасынан бір-екі үздік туынды анықталып жатса, оның өзі руханиятымыз үшін үлкен жетістік саналатынын айтты.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Содан кейін сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Республикалық «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы, ақын Жанарбек Әшімжан партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында руханият пен мәдениетке тиісті назар аударылып, біршама жобалар жүзеге асқанын алға тартты.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

«Республикалық «Miras» кеңесінің осыған дейін екі жиыны өтті. Сол жиында Үкіметке нақты 28 ұсыныс берілген. Олардың қазір 25-і жүзеге асып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Үш ұсынысымыз бойынша заңнамаға өзгерістер керек. Заң жобалары желтоқсан айында келіп түседі. Сол заңнамаларға өзгерістер еңгізілгеннен кейін, әсіресе, дубляжға қатысты мәселенің шешімін табамыз деп ойлаймын. Сондықтан бүгін Меморандумның қабылдануы ертең қоғамда өзінің лайықты бағасын алады және жаңа номинациялардың қосылуы бұл заманауи киноиндустрияға, дубляжға қатысты мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді», – деді Ж.Әшімжан.

Осы орайда партия Төрағасының бірінші орынбасары зиялы қауымның қоғамдық өмірдегі белсенділігі өте жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы партия өткізген праймеризге республика бойынша 350-ден аса қаламгер, публицист, айтыскер, журналист қатысқан.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында дайындалған Жол картасы бойынша елімізде 2025 жылға дейін 259 мәдениет ошағы салынады, 1241 мәдени нысан жөндеуден өткізіліп, 150 нысанға ғылыми реставрация жұмыстары жүргізіледі. Шет елдерде «Абай» орталықтарының саны артады. Сондай-ақ партия 1500 мәдениет, өнер және ғылым қайраткерін жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қолдаудың және қаражат бөлудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тағы бір жаңалық – біз биылдан бастап «Ulttyq Mura» партиялық жобасын бекітіп, барлық мәдени-әдеби шараларды кешенді түрде атқаруға кірістік», - деді Бауыржан Байбек.

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

Еске сала кетейік, «Ұлы дала» байқауы 2019 жылы өткізіліп, оған 700-ден астам шығарма түскен болатын. Олардың ішінен 400 шығарма іріктеліп, 5 номинация бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен талантты 15 жас қаламгер жүлдегер атанды. Тек соңғы бір жарым жылда коронавирус пандемиясының салдарынан біраз әдеби-мәдени жобалар тоқтап қалды.

Байқаудың шарттары бұқаралық ақпарат құралдарында, партияның ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ аikyn.kz сайтында, «Miras» партиялық жобасының Facebook парақшасында жарияланады.

Байқауға қатысу үшін жұмыстарды қабылдау 2021 жылғы 1 қазан мен 30 қараша аралығында жүзеге асырылады. Келіп түскен жұмыстар аikyn.kz сайтында «Ұлы Дала» айдары аясында жарияланады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір