• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:32:53
Алматы
+12°

Қазақстанда 30-дан астам белсенді, құқыққорғаушы мен медиатұлғалардың бастамасымен "Әлеуметтік желіні бұғаттауға қарсы" онлайн петиция іске қосылды. Қол жинау акциясы президент әкімшілігі мен парламентке бағытталған. Қазіргі таңда оған 6 мыңға жуық қол жиналған.

Петиция мәтінінде қыркүйекте Қазақстан парламентінің мәжілісі "бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қабылдағаны, онда ел аумағында шетелдік интернет-платформалардың, әлеуметтік желілердің, мессенжерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін бірқатар норма қамтылғаны айталыды.

Петиция авторының сөзінше, шектеу – қазақстандық интернет-кеңістікте Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және т. б. танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына қауіп төндіреді.

Сондай-ақ мәтінде әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын бұғаттау және шектеу соңғы жылдары бірнеше рет болғанын, әсіресе 2019 жылдың көктеміне дейін әр түн сайын қайталанғаны өтап өтілген.

 

"Түзетулердің жаңа блогында ұсынылған нормалар – шетелдік интернет-платформаларды, әлеуметтік желілерді және мессенжерлерді Қазақстанда тіркеу қажеттігі туралы; олардың басшылығына тек республика азаматын тағайындау қажеттігі туралы; Қазақстанда тіркелуден бас тартуға байланысты ресурстардың жұмысын бұғаттау немесе баяулату мүмкіндігі туралы; шетелдік онлайн-платформалар, әлеуметтік желілер және мессенжерлер Қазақстанда тіркелген жағдайда қазақстандық басшыларының, пайдаланушылардың белгілі бір ақпаратқа немесе бүкіл ресурсқа, оның ішінде заңмен немесе сот шешімімен таратылуы шектелмеген, бірақ “ақпарат саласындағы уәкілетті органның нұсқамасымен қолжетімділігі уақытша тоқтатылған” (АҚДМ) ақпаратқа қолжетімдікті шектеу міндеті туралы; тиісті мемлекеттік органдардың өкілетін кеңейту туралы ұсынысты – біз репрессив және интернетті реттеуге емес, бақылауға, яғни іс жүзінде елдегі Конституция мен адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарда тікелей тыйым салынған цензураны енгізуге бағытталған деп санаймыз.

Google, Mozilla сияқты ірі интернет-платформалар не Facebook сияқты әлеуметтік желі, оның Whatsapp мессенжері және Instagram әлеуметтік желісі, сондай-ақ Telegram сияқты мессенжерлер ұсынылатын талаптарға келіспей, Қазақстанда өкілдігін тіркеуден бас тартып, сол арқылы қазақстандықтарды еркін интернеттен айыруы бек мүмкін.

Түзетуді әзірлеушілер мен уәкілетті орган нормалар кибербуллиңмен күресу және шетелдік платформалармен тез байланыс орнату үшін қажет екенін айтады. Біз мұның тиімсіз екеніне, ал баланың құқығын қорғау сылтауымен түзетулер жүргізу тактикасы манипуляция екеніне сенімдіміз." делінген петиция мәтінінде.

 


Сондай-ақ үндеуде шектеу нормаларын қабылдау 2019 жылғы президент сайлауынан кейін көп айтылатын елді реформалау логикасына қайшы келетіні, түзетулердің қабылдануы елдің беделіне халықаралық нұқсан келтіріп, Қазақстанды қоғамдық-саяси дамуда кері итермелейтіні анық екені айтылған.

"Бұл сондай-ақ Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы міндеттемелеріне қайшы келеді: олардың бір бөлігі цифрлық құқықтар, атап айтқанда, балалардың ақпарат алу және тарату құқығын қоса алғанда, ақпаратқа қол жеткізу және тарату құқығы; жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы; интернет желісінде бірлесу құқығы; және басқа да адам құқықтары. Адам құқықтарына мемлекет енгізген кез-келген шектеу, тіпті кибербуллиңге қарсы күрес сияқты ақылға қонымды болса да, адамды басқа құқықтарынан айырмауы керек.

Қазақстан аумағындағы шетелдік онлайн-платформалардың, соның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің қызметіне қатысты түзетулерді толық алып тастау, ал мемлекетке қоғам және сарапшылармен бірлесіп кибербуллиңмен күресудің тиімді тетіктерін әзірлеу қажет деп санаймыз. Маңыздысы – оның алдын алу, сондай-ақ бұған дейін болған құқық бұзушылықтарды зерттеу.

Интернетті дамыту мен реттеуге қатысты осындай бастамалардың барлығы елдің IT-қоғамдастығымен, құқық қорғау және азаматтық қоғаммен, мүдделі топтармен, бұл жағдайда балалар мен жасөспірімдердің өздерінің мүддесін ескере отырып, сондай-ақ балалардың дамып келе жатқан қабілеттері қағидатын ескеріп, цензураны болдырмау және адамның цифрлық құқықтарын шектемеу үшін міндетті түрде талқылануға тиіс" дейді белсенділер.

Петицияға жиналған қол 15 қазанда президент әкімшілігі мен Қазақстан парламентіне тапсырылмақ.

Петицияға қол қою үшін мына сілтемеге өту керек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір