08 Қазан, 2021 NEWS
Фото: Qamshy.kz
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысында өтіп жатқан «Jastar – Otanga» халықаралық форумының алаңында «Менің елім, менің тілім» қозғалысына қатысты пікір білдірді.
Бауыржан Байбек атап өткендей, елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің бірегей моделін қалыптастырды. Елбасы бағытының сабақтастығын сақтай отырып, «Nur Otan» қоғамда, әсіресе жастар арасында өзара құрмет пен барша азаматтың теңдігі құндылықтарын нығайтуды жалғастырып келеді.
«Қазақстанда «этникалық азшылық» және «диаспора» деген ұғымдар жоқ, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Бұл – Елбасы саясатының маңызды жетістіктерінің бірі. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытты әрі қарай жалғастыруда. Келісім мен бірлік – мемлекеттің тұрақты дамуы және барлық азаматтың өмірін жақсарту үшін қажетті біздің қоғамдағы басты құндылықтар. Сондықтан тілдік қысым көрсетілді деген тақырыптағы жарияланымдар жұмсартып айтқанда, қазақстандықтардың түсінбеушілігін туғызады. Бәріміз – Қазақстан азаматымыз. Ал қазақ тілі бізді біріктіреді. Жақында ғана қоғам белсенділері іске қосқан «Менің елім, менің тілім» қозғалысы – осының нақты дәлелі. Оған Яков Федоров, Марина Шаповалова, Әскер Пириев, Марина Сахарова, Алексей Лодочников сынды басқа да көшбасшы жастар бастамашы болды. Бұл қозғалыс бүкіл қоғамға жастардың зерделілігі мен олардың Отанымыздың болашағы үшін жауапкершілігінің зор екенін көрсетті деп ойлаймын. «Nur Otan» Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, азаматтық бірегейлікке, бай тарихи тамырды, ұлттық мәдениет пен рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға негізделген қазақстандық патриотизмді одан әрі дамыта береді», – деп атап өтті ол.
Билеуші партия төрағасының бірінші орынбасары бүгінде әрбір үшінші қазақстандықтың 30 жастан аспағанын, сондықтан жастарды жан-жақты қолдау «Nur Otan»-ның және «Jas Otan» жастар қанатының басты бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
«Бүгінде жасотандықтар мәжіліс пен мәслихат сайлауының қорытындысы бойынша «Nur Otan»-ның 616 жас депутатынан тұратын корпус жасақтап үлгерді. Бұл Елбасының бастамасымен қолға алынған билеуші партияның сайлауалды тізіміндегі 20%-тік жастар квотасының арқасында мүмкін болып отыр. Ел президенті Қ.Қ.Тоқаев өзінің саяси реформаларында жастар квотасын барлық партиялардың сайлауалы тізімдері үшін міндетті етіп бекітті. Жастарды жүйелі қолдау мақсатында кең көлемде жүргізілген көпшілік талқылаудан кейін жасотандықтар 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын қабылдады. Ол бүгінде партиямыздың ерекше бақылауында», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір