• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:28:56
Алматы
+12°

Филиппиндік журналист, "Rappler" ақпарат сайтының бас директоры Мария Ресса жақында Нобель сыйлығының лауреаты болып, әлемдік беделді сыйлықты алған 18-ші әйел және филиппиндік алғашқы адам болды.

Нобель комитеті баспасөз еркіндігі мен сөз бостандығына қосқан үлесі үшін Ресса мен ресейлік журналист Дмитрий Муратовке Нобель бейбітшілік сыйлығын берген.

Ресса өз еліндегі және әлемнің басқа жерлеріндегі жағдай туралы айтып, Германияның жетекші DW басылымына сұхбат берген. Қамшы тілшісі сұхбатты аударып назарларыңызға ұсынады.

Күлімсіреп тұрып қорқытуға қарсы тұру

– Фактілер – кез келген демократияның негізі. Сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі – бұл өз ойыңды жазадан қорықпай айта білу, – дейді ол.

Филиппин президенті Родриго Дутертені сынға алған Ресса талай рет қорқыту мен қоқан-лоққыға тап болды. Филиппин президентінің баспасөз хатшысы Гарри Роке Нобель сыйлығы "Дутерте әкімшілігінің бетіне тиген шапалақ емес, өйткені Филиппинде ешкімге цензура жасалмаған" деп мәлімдеген. Ал лауреат Ресса оған тек күледі.

– Былайша түсіндіруге рұқсат етіңіз. Білесіз бе, Филиппиндегі ең ірі хабар таратушы қазір жабылған. Ол 1972 жылы әскери жағдай жарияланған кезде жабылды. Осы әкімшілік кезінде кемінде 19 журналист өлтірілді. 23 жастағы журналист бір жыл бойы түрмеде отыр. Сіз білесіз бе, әрине, мен екі жылға жетпейтін уақыт ішінде қамауға алу туралы 10 санкция алдым. Сондықтан кейде тек күлімсіреу керек, – дейді Ресса.

Ірі технологиялық компаниялар – демократияға ең үлкен қауіп төндіруде

Ол қазіргі уақытта демократияға ең үлкен қауіп технологиялық компаниялардан келетінін айтты. Ресса қазіргі кезде журналистердің рөлін ірі техкомпаниялар тартып алғанын, бірақ ол компаниялар нағыз журналистік ережелерге сәйкес келмейтінін жеткізді.

– Менің ойымша, жаһандық демократияның кері кетуі, шындықтың бүркемеленуі техкомпаниялардың себебінен болды. Олар БАҚ-тың рөлін тартып алды, біздің жұмысты тартып алды. Олар билікті қолдарына алды, бірақ олар жауапкершіліктен бас тартты, – дейді Нобель сыйлығының лауреаты.

Журналист "әлеуметтік желі дәуірінде сіз ақпараттың шынайы немесе әдейі жасалған өтірік екенін ажырата алмайсыз" деп атап өтті.

Facebook фактілерге қарсы

– Менің ойымша, мәселенің мәні – барлық әлеуметтік медиа платформалары өтірік пен фактілерге біркелкі қарауында, – дейді Ресса.

– Зерттеулер қазір әлеуметтік желілерде кек пен жеккөрушілік тез таралатынын көрсетті. Сонымен қатар, әлемдегі ең үлкен хабар тарату платформасы фактілерге және журналистикаға қарсы, – деген Ресса Facebook компаниясын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Facebook-тың кейібір дұрыс емес шешімдерінен кейін пропагандаға және фейк ақпараттарға жиі жол берілген. 

Сонымен қатар, Ресса Оксфорд университетінің пропагандаларды есептеу туралы зерттеулерін алға тартты.

Кейбір саясаткерлер әлеуметтік медиа платформаларын қолданып, дизинформация таратып, тарихты қайта жазғысы келеді

Журналист Филиппиндегі сайлау туралы айта отырып, "Бұл фактілер үшін күрес болады және біз фактілердің жеңетініне көз жеткізуіміз керек" деді. Facebook, Twitter сияқты әлемдік ірі техкомпаниялар дизинформацияларға  қоршаулар орнатып, фактілерге басымдық беруі керек екенін мәлімдеді.

"Егер біз фактілерді жоғалтсақ, демократияны жоғалтуымыз мүмкін" 

Журналистерге берілген Нобель сыйлығының месседжі туралы Ресса соңғы рет 1936 жылы да Нобельді журналист алғанын еске алды. Алайда ол кезде журналист Карл фон Оссицкий нацистік концлагерьде болғанын, оның сыйлықты қабылдауына рұхсат етілмегенін атап өтті. "Менің ойымша, бұл Нобель комитетінің бізге тағы да берген месседжі. Егер біз фактілерді жоғалтсақ, демократияны жоғалтып аламыз" дейді журналист.

Айта кетейік, жақында Филиппиндік журналист Мария Ресса мен ресейлік журналист Дмитрий Муратовке Нобель сыйлығы берілген. Олар бұл сыйлыққа Филиппин мен Ресейде сөз бостандығын қорғау жолында батыл күрескені үшін лайық деп танылған.

Дмитрий Муратов Нобель бейбітшілік сыйлығын қызмет барысында қаза тапқан ресейлік журналистерге арнайтынын айтқан. Ресей билігі оны Нобель сыйлығының сыйақысы үшін "шетел агенті" деп айыптауы мүмкін екені хабарланған. Ал, филиппиндік Ресса шын журналист болу қауіпті екенін мәлімдеген

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Нобель Ресса

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір