12 Қараша, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Алматыда қазір сауда орындарына жұмыс күндері "жасыл" статусы бар адамдар ғана кіреді деген талап жоқ, алайда қала дәрігерлері Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайды бақылайды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 15 қарашадан бастап сауда және ойын-сауық орталықтарына жұмыс және демалыс күндері тек "жасыл" статус алған адамдар ғана кіре алады.
Алматының бас санитар дәрігері ең алдымен Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайды бақылайтынын жеткізді.
– Нұр-Сұлтанда осындай қаулы шықты. Бұл ұзақ уақыт талқыланды. Сауда және ойын-сауық орталығына тек "жасыл" статусы бар адамдарды кіргізуді пилоттық шешім деп атауға болады. Егер ол жақсы нәтиже көрсетсе, әрине әрі қарай елдің басқа өңірлерінде де енгізіледі. Бірнеше апта бақылаймыз, – деп жауап берді Бекшин.
Қазір Алматыда коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып жатыр. Қала қазір коронавирустың таралуы бойынша "сары" аймақта тұр. Қалада ұжымдық иммунитет 56%-ды құрайды.
Бүгін қалада Pfizer вакцинасын салу басталды, ал ревакцинация 22 қарашада басталады.
Өткен аптада инфекция анықталған науқастардың 29%-ы сауда орындарында, 21%-ы қоғамдық көлікте, 22%-ы отбасыда, 9%-ы базарда, 9%-ы жұмыс орнында жұқтырған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір