28 Желтоқсан, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге ҰБТ тапсыру үшін қосымша уақыт берілетінін мәлімдеді.
– Келесі жылы көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған оқуға түсушілер негізгі 240 минуттан басқа тестілеу тапсырмаларын орындау үшін қосымша 40 минут алады. Яғни, олар ҰБТ - ны басқаларға қарағанда ұзағырақ - 4 сағат 40 минут ішінде тапсыра алады, – деді министр.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың сөзінше, ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізіледі.
– Біз үшін жұмыстың ең басты бағыты талапкерлердің мүдделері болып табылады. Біз ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткіземіз. Және де талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз. Олар үшін ҰБТ тапсыру уақыты тағы 40 минутқа ұзартылады. Ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізіледі. Олар үшін сызбаларсыз, диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Осыған дейін білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов бізге осындай тапсырма берген болатын. Бұл өзгерістер олар үшін ҰБТ - дан өтуді айтарлықтай жеңілдетеді, — деп атап өтті Руслан Емелбаев.
Сондай-ақ тестілеуді тапсыру кезінде ашықтық қағидаты қамтамасыз етіледі. Келесі жылы тестілеу "1 компьютер - 2 камера - 1 тестіленуші" қағидаты бойынша жүргізіледі.
Оқуға түсушінің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылады.
Фронталды веб-камера оқуға түсушінің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2022 жылы ҰБТ электронды форматта өтеді. Оқуға түсушілер дәстүрлі түрде 3 міндетті пәнді (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейінді пәнді тапсырады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір