• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:06:11
+12°

Қазақстанның бас прокуратурасы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, азаптауға ұшыраған қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың ісі бойынша оны елге әкелу туралы келіссөз жүріп жатыр.

Tengrinews.kz сайтының жазуынша, 2022 жылғы 10 ақпанынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті қырғыз джазмені Викрам Рузахуновқа қатысты азаптауды қолдану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған азаптаулар") бойынша соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

19 ақпанда Рузахуновты тергеу органы жәбірленуші деп таныған.

"Қазір іс бойынша Алматы қаласы, Алматы облысы Полиция департаменті, ҰҚК ШҚ қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінен жауап алынды, алайда бірқатар себепке байланысты күдіктілерді анықтау әзірге мүмкін емес (бейнежазбалар, келушілер мен жеткізілген адамдарды тіркеу журналдары жоқ, барлық қызметкер бетперде киген, оның ішінде медициналық бетперде кигендер де болған)" деді Бас прокуратура өкілдері.

Сондай-ақ, облыстық Полиция департаментінен Рузахуновтың оқиғасына қатысы бар барлық қызметкердің суреті талап етілгені белгілі болды.

"Рузахунов қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін бірнеше рет тергеу органына шақырылды. Қазіргі уақытта қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып, елге келуі туралы келіссөз жүргізіліп жатыр" деді Қазақстан Бас прокуратурасының өкілдері.

Бұған дейін Викрам Рузахунов Қырғызстанда ақпан айында қозғалған өзіне қатысты тергеу жұмыстары аяқталғанын, Бішкек құқық қорғау органдары тергеу нәтижелерін Қазақстанға жіберетінін мәлім еткен.

"Сарапшылар денсаулығыма ауыр зиян келгенін анықтады. Жиналған материалдар Қырғызстанның Бас прокуратурасы арқылы кінәлі тұлғаларды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанның құзырлы органдарына жіберілетін болады", деген Рузахунов.

9 қаңтарда "Қазақстан" және "Хабар 24" арналары "Қазақстандағы митингке қатысқаны үшін Қырғызстан азаматы ақша алған" деген сюжет көрсеткен. Видеода беті-аузы көгерген азамат 1 қаңтарда бейтаныс адамдар телефон арқылы хабарласып, митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, Қазақстанда пәтерге орналастырғанын айтады. 

Көп ұзамай қырғызстандық басылымдар видеодағы адам Қырғызстанда белгілі джаз музыканты Викрам Рузахунов екенін, Қазақстанға концертке келгенін жарыса жазды. 

Ұзамай Рузахунов босатылып, 10 ақпан күні әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның тергеу изоляторында азапталғанын мойындап, мәлімдеме жасады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір