• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:17:51
Алматы
+12°

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабта «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын жариялады. Онда кандидат ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлуге уәде берді.

 

«Ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз», – деді Халықтық коалицияның кандидаты. 

Сондай-ақ бағдарламада ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасын қабылдау және елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарлары көрініс тапты. Кандидаттың айтуынша, жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысын соның құрамына кіргізу көзделіп отыр.

сайлау

«Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады. Соның арқасында артық делдалдан құтылып, ауыл еңбеккерлерінің табысын едәуір арттыруға мүмкіндік туады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кандидат суармалы егіншілікті дамыту басты бағытқа айналып, оның жалпы көлемі екі есе артатынын да алға тартты. Ең қымбат қазына саналатын суды үнемдеуге де ерекше мән берілетінін атап өтті.

«Су үнемдейтін технологияны қолдануға айрықша көңіл бөлінеді. Біз ұзындығы 3,5 мың шақырым болатын суармалы каналдарды қайта жаңғыртамыз. Сондай-ақ 25 бөген салынады. 16 су қоймасын күрделі жөндеуден өткіземіз», – деді кандидат.

Сонымен қатар кандидат еліміздің 60 пайызы газбен қамтамасыз етілетінін, ал тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін 7 жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді.

сайлау

«Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Өңірлік саясат әділетті болса, ірі қалалардағы және шағын ауылдардағы жұрт жайлы өмір сүреді. Елімізде алдағы 7 жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Үлескерлерді тығырыққа тіреген даулы үйлердің құрылысы түгел аяқталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кандидат 40 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелері баспаналы болатынын атап өтті. Бұған қоса, «7–20–25» ипотека бағдарламасы жалғасын табады. Мемлекет жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік коммуникация желісін тарту жұмысы жалғасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің барлық елді мекендері сумен жабдықталады. Ал тозығы жеткен коммуналдық желілер 40 пайызға дейін төмендейді. Тас жолдардың сапалы салынуы және жөнделуі қамтамасыз етіледі. Республикалық маңызы бар 8 мың шақырым, облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым автожолдар салынып, қайта жөнделеді. 

Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб
Астана қаласы, Қонаев к. 12/1
Тапсырыс беруші: М. Ж. Оспанов
Президенттікке кандидат Қ.К.Тоқаев сайлау қорының қаражатынан төленді

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір