Фото: Ашық дереккөз
Абай облысында болған алапат орман өртінен көз жұмған 14 адамның бірі, орманшы Серікжан Тоқтасынның әкесі болған жағдай туралы айтып берді.
Серікжан Тоқтасынның әкесі Бақытжан Жұмаділовтің айтуынша, "Новошульба" орман шаруашылығының басшылары ұлын ешбір қорғаныш киімінсіз өрт болған аумаққа жібере салған.
"Кешкі сағат 7 де қызметкерлердің бәрін жинап, 45 километр жердегі өрт болып жатқан аймаққа жібереді. Түнгі сағат 9 да қалың өрттің ортасына қолдарына күрек беріп, кіргізіп жіберген. Күндіз басталған өртті басшылық бақыламаған. Әбден ушыққаннан кейін ауыл–аймаққа кіріп кетеді деп қорқып, "Новошульба" орман шаруашылығы қорғау керек деп асығыс–үсігіс аттандырып жіберген. Менің балам ескі "Нивамен", басқалары біреудің жекеменшік УАЗ–ымен барған" – деді ұлынан айырылған әке
Марқұмның әкесі баласының үстінде қорғаныш киімі де болмағанын айтты.
"Қорғаныш киімдері газдан қорғайтын құрылғыларымен бірге орман шаруашылығының қоймаларында жатады. Тек бір ғана өрт сөндіру көлігі барған. Ол орман қорғау жөніндегі инженер болып істейтін. Орталық офисте отырып, кімнің қайда баруын рациямен айтып, басқаруы керек еді. Ал бұл баланы директор мен оның орынбасары "сен сол жерге баруың керек" деп жібере салған. Ал өздері "біздің денсаулығымыз жоқ, орманның ішінде жүре алмаймыз" деп айтқан" – деді Бақытжан Жұмаділов.
Ол баласының мәйітін екі күннен бері сараптамадан ала алмай жүр.
"Олардың айтуынша, балам ең бірінші уланған. Содан кейін денесін өрт шарпыған. Денесін тану мүмкін емес. Жерлей алмай отырмыз. Енді ДНҚ нәтижесіне байланысты белгілі болады деп отыр. Оның қашан шығатыны тағы белгісіз", – деп мәлімдеді Серікжан Тоқтасынның әкесі.
Сонымен қатар, Бақытжан Жұмаділов баласының жалақысы небәрі 80–100 мың теңге ғана болғанын айтты.
"Жалақысы алғашында 80 мың теңге болған. Қазір 100 мыңға жуық алатын. Оқуын бітіріп келгеннен кейін осы жерде бес жыл инженер болып жұмыс істеген. Содан кейін жалақым аз деп Павлодарға жұмыс істеуге кетіп қалған. Ол жерде зауытта жұмыс істеп, жап–жақсы 200 мың теңге жалақы алып жүрген. Біз – зейнеттегі адамдармыз. Шешесінің жүрек ауруы бар еді. Арасында қысылып, демала алмай қалатын. Ұлымнан басқа үш қызым тұрмыста, басқа жақта тұрады. Сол себепті үйде бір–бірімізге көмектесіп әзер жүргеннен кейін баламды бір жарым ай бұрын елге шақырып алғанмын", – дейді марқұмның әкесі.
Бақытжан Жұмаділов баласының өз жұмысын жақсы білетін, таптырмас маман екенін де тілге тиек етті.
"Орыс тілін жақсы білгендіктен, бухгалтерлік есеп-қисап жұмыстарын атқаратын. Семейдегі басқармаға сынақ тапсырғанда ешқандай қатесіз тапсырған. Сөйтіп жұмысқа бірден қабылдады. Өзі күзде немесе қысқа таман үйленемін деп жоспарлап жүрген. Мойнында миллион несиесі де бар. Соны жауып, ақша жинап, отбасын құрғысы келген еді" – деді Бақытжан Жұмаділов.
Еске сала кетейік, "Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тауып, 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қаза тапқандардың отбасыларына "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ, кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленеді. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.
Дереккөз: stan.kz
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір