• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:45:42
Алматы
+12°
 
Қазір Францияды жүрген Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі нағашы ағасы Қуаныш Нұрғазин өз еркімен елге оралды. Айтуынша, жиені үшін 12 жыл бойы шетелде жасырынуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
 
2007 жылы Мұхтар Әблязов Қуаныш Нұрғазинды BSC компаниясының номиналды директоры етіп тағайындаған. Бас прокуратураның мәліметінше, Әблязов пен оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған.
 
Құзырлы орган өкілдері Нұрғазин сол кезде бұл іске қатысы бола тұра ешқайда кетпеу туралы міндеттемені бұзып, қылмыстық жауаптан жалтару үшін соттан жасырынғанын айтады. Нұрғазин осылайша 2012 жылы Қазақстаннан Литваға кетіп, өзге елде 12 жыл бойы босқын мәртебесімен жүрген.
 
"2007-2009 жылдар аралығында BSC компаниясының директоры болдым. BSC компаниясы 152 млн теңге несие алған. Маған несие алғанда сыбайлас болдың деп айып тағылып отыр", – деді күдікті 73 жастағы Қуаныш Нұрғазин.
 
Сот Қуаныш Нұрғазинді Мұхтар Әблязовтың сыбайласы деп танып, оның үстінен бөлек қылмыстық іс қозғайды. BSC компаниясының директоры қызметінде ғана тіркелген ол істің осылайша насырға ұласып кетерін білмегенін айтты.
 
"Мен іздеуде жүргенімді білген жоқпын. 2014 жылы ауруханадан шығып келе жатқанымда полиция ұстады. Сол кезде түсіндім. Маған "босқын" деген атақ берді. Осы уақытқа дейін Литвада болдым, – деді Нұрғазин.
 
Өзге елде жүріп, оның денсаулығы күрт нашарлаған. Бірнеше күрделі ота жасаған. Созылмалы ауруға шалдыққан. Ал соңғы 5 жылда жиенімен байланысы үзілгендіктен, қаржылай қолдау да болмаған көрінеді.
 
"Менің 12 жыл өмірім жиенім үшін шетелде өтті. Ол жерде есепте тұрдым. Жылына екі рет ауруханаға жаттым. Денсаулығыма байланысты көп өзгеріс болды. Жүректен екі рет инфаркт алдым. Буындарымды ауыстырды, екі иығым жығылғаннан үзіліп кетіп, тіктірдім. Шетелде өткен өмірім сол балаға байланысты болды", – деді күдікті Қуаныш Нұрғазин.
 
Арада осынша уақыт өткеннен кейін Нұрғазин Отанына өз еркімен келуді ұйғарыпты. Ол Қазақстанға келу үшін Литваның саяси қамқорлығынан да бас тартқан.
 
Оның елге қайтуына Қазақстандағы демократиялық өзгерістер себеп болған. Ендігі өмірін туған жерінде балалары мен немерелерінің қасында өткізуді жоспарлап отыр.
 
"Ешқашан саясатқа араласпадым. Мен оған "сен аралас, араласпа" деп айта алмаймын. Ол мені тыңдамайды. Менің еркім өзімде. Жаңа Қазақстан деп жатыр ғой, демократиялық өзгерістер болады деп сенемін. Сондықтан елге, жұртқа қайтуды шештім. Мен шетелде жүрген қашқындарға соттың әділ шешімі болатынын айтқым келеді. "Отан оттан да ыстық". Сондықтан қайту керек деп есептеймін", – деді Қуаныш Нұрғазин.
 
Айта кетері, Қуаныш Нұрғазин 2023 жылы 24 шілдеде ұшақпен Литвадан Стамбул арқылы Алматы халықаралық әуежайына келіп қонады. Әуежайдан түсе сала, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалады. Қазір сот шешімімен 2 ай мерзімге үйқамаққа ауыстырылды.
 
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта сот талқылауы қайта басталады. Енді оның қандай жаза арқалайтынын сот айқындайды.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір