• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Мамыр, 05:18:05
Алматы
+35°

17 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

«Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар...» деп қазақ баласы Қайраттың жырын оқуды қойды. Желтоқсаншылар бірте-бірте ұмытылып барады.

Алаш арыстары көрген қорлық пен азапты бүгінгі белсенділер де көруде. Билік халық көптеп жиналатын мерекелік концерттерді өткізуден қорқады. Қаңтар оқиғасынан қатты шошып қалған. Тәуелсіздік күні қарсаңында қоғам белсенділерін қадағалау күшейіп, митингке шығармаудың барлық амалдарын жасап бақты. Сонда да Алматыда «Оyan, Qazaqstan» белсенділері Бота Шәріпжан және Әсем Жәпішева қанды оқиғалардың құрбаны болған жандардың есімін атап, жауаптыларды жазаға тартуды сұрап алаңға шықты.

– Менің ойымша, Тәуелсіздік күні – бірінші кезекте еске алу мен аза тұту күні. 1986, 2011 және Қаңтар бойынша әділдікке қол жетпейінше, әділ қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп айта алмаймыз. Желтоқсан, Жаңаөзен және Қаңтар өзара байланысты және бұл оқиғалар бойынша әділ сотты талап етемін, деді Әсем Жәпішева.

Ол алаңға бірінші кезекте Қаңтарда оққа ұшқан балалар үшін келгенін айтты. Олардың ата-аналары балаларының аты-жөнін "Тағзым" мемориалына жазуды өтінген, алайда балаларынан айырылған ата-аналардың бұл өтініштері орындалмапты.

16 желтоқсанда қазақ тарихындағы осы қанды оқиға туралы түсірілген режиссер Әсия Байғожинаның «Желтоқсан желі» деректі фильмі еш себепсіз эфирден алынып тасталыпты. "Хабар" арнасы өзі тапсырыс беріп түсіртсе де, ол бағдарлама кестесінде тұрса да, деректі фильмнің орнына шетелдік бір киноны көрсеткен.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов былай дейді:

– Ес білгелі мен үшін 16 желтоқсан ешқашан мереке болған емес. Керісінше, жарқын болашаққа күмән бойымды билейтін күн. Жаңаөзен мен Қаңтар қырғынынан кейін ол көңіл-күй тіпті күшейе түсті.

Пенде болған соң үміттің сәулесін сонда да іздейді екенсің. Ол сәулені “Көк туымыз бар, жер көлемі жағынан әлемде №9 елміз, ата-бабамыз аңсаған күнге жеттік” деген пафостан емес, айналамдағы қазақстандықтардың сөзінен, ниетінен, ең бастысы, ісінен көруге тырысатын болдым.

Қазақстаннан көшсе, шетелде аяққа тұрып кете алатын, бірақ осында өмір сүруді саналы түрде таңдағандар, “ұлтқа қызмет етіп жүрмін” деп кеудесін ұрмай шама-шарқынша бала оқытып, ғылым мен кәсіппен айналысатындар, өз ісіне адал мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер, өнер мен мәдениетке, азаматтық қоғамды дамытуға күн сайын үлес қосып жүргендердің іс-әрекеті көңілге медет болып тұр. Мен үшін тәуелсіздігіміздің символы осы азаматтар.

Саясаткер Азаматқан Әміртай да мереке мен аза тұту күнін ажырату мәселесін тілге тиек қылады:

– Жер-жаһанды дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісіне 37 жыл толып отыр. Алаштың астанасы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы қызыл империяның мызғымыс жүйесінің көбесін сөгіп кеткені анық. Содан кейін араға 4-5 жыл салмай қызыл жүйе құлап тынды. КСРО-ның құрамында отырған республикалардың тәуелсіз ел атануына иісі қазақтың қосқан үлесі осы. Айтқым келгені, көпшілік 16 желтоқсанды сол желтоқсан көтерілісімен байланыстырып жатады. Бұл қате көзқарас. 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі. Бұл бөлек дүние. 1986 жылдың 16 жетоқсаны күні кешқұрым өткен пленумда Қонаев Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалғаны белгілі. Ал, қазақ ұлтының Мәскеудің озбыр саясатына қарсы көтерілісі 17 күні басталды. Сол күні орталық алаңда атышулы оқиға болғаны әмбеге аян. Ал 18 желтоқсан күні шерушілер алаңға өте алмады. Нарызылық жаншылып тасталды. Айтқым келгені, 17 желтоқсан күнін айшықтау үшін оны «Желтоқсан көтерілісі күні» деп атаған дұрыспа деймін. Бұл күнге осылай арнайы мәртебе бергені жөн-ау. Сонда жұрт шатаспайды, – дейді ол.

Тарихшы Нұрқожа Ерсайын Тәуелсіздікті тойлайтын заман өткенін айтады.

– Тәуелсіздік мерекесі әдеттегідей аталып өтіп жатқан жоқ. Желтоқсан оқиғасын емес, нақты тәуелсіздік мерекесін тойлауды айтып отырмын. Бұрынғыдай көшеде қаптап билбордтар ілініп тұрған жоқ, мерекелік баннерлерді биыл байқамайсыз. БАҚ Тәуелсіздік күні деп бұрынғыдай шулап жатқан жоқ. Соған қарап, мереке ұмытыла ма деген ой туады. Менің ойымша, тәуелсіздігімізді мақтан  тұтып, кеуде қағып тойлайтын уақыт баяғыда өтіп кетті. Тәуелсіздікті қолданатын заман келді. Біз тәуелсіздігімізбен мақтанамыз, бірақ оның не екенін әлі жете түсінбедік. Егеменді ел өз тілінде сөйлейді. Бодан елдер өйтпейді. Жылына бір рет мереке ретінде атап өтіп, сырт елге жылтыратып көрсетеміз. Алға жылжу үшін осы еркіндігімізді бір пайдаға асырдық па? Тәуелсіздігімізді бәріне көрсетіп, дәлелдеп болдық. Енді нағыз Тәуелсіз елдің іс-әрекетін жасау керек, – дейді тарихшы.

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір