28 Желтоқсан, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Алматы облысында Прокуратура саласының саңлағы - Өтеген Сейітовтің 100 жылдық мерейтойы аясында арнайы сынып ашылды.
Бұл сынып - өзі өтсе де артында өлмес сөзі, ерен еңбегі қалған тұлғаларды бүгінгі ұрпаққа тәрбие көзі ретінде көрсету, есімі аңызға айналған әділет кеңесшісінің жарқын және қайталанбас тұлғасын болашақ ұрпаққа дәріптеу мақсатында ашылған. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы №1 мектеп-лицейінде «Өтеген Сейітұлы атындағы сыныптың» ашылу салтанатына Алматы облысы прокурорының орынбасары Күренкей Азамат Жолдасбекұлы, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызы Елеусізова, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы Беспаева, Аудан прокуроры Кибраев Бауыржан Маратбекұлы және аудандық мекеме басшылары, ауданның құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары, ақсақалдар, қоғам белсенділері мен ардагер ұстаздар қатысты.
Айта кету керек, биылғы жылы Прокуратура саласында ұлағатты еңбегімен ел есінде қалған тұлғалардың бірі – Сейітов Өтеген Сейітұлының 100 жылдық мерейтойы республика деңгейінде атап өтілуде. Осы орайды, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы биылғы жылды прокуратура органдары үшін «Сейітов жылы» деп жариялаған болатын. Өмірбаянына көз жүгіртсек, Ұлы отан соғысына қатысып, ол жерде бірнеше рет жараланса да, қан майданнан аман келген арда азамат соғыстың соңғы күніне дейін майданның алғы шебінде болған екен. Сейітов Өтеген Сейітұлы 1923 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Он сегіз жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, бірнеше рет жараланғаны, алайда майданға қайта оралып, соғыстың соңғы күніне дейін майданның алғы шебінде болғаны тарих беттерінде де жазылып тұр. Соғыс аяқталғаннан кейін Өтеген Сейітов бүкіл саналы ғұмырын прокуратура органдарына арнаған, прокуратура органдарының қызметін жетілдіруге, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға үлкен үлес қосқан.Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес, Сарыағаш аудандарында прокуратура тергеушісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының аға тергеушісі, Қазақ КСР прокуратурасының бөлім прокуроры, Алматы қаласындағы Совет ауданының прокуроры, Алматы облысының прокуроры сынды қадағалаушы органның басшылық қызметтерінде де бірнеше жыл қызмет атқарған. Тіпті, Өтеген Сейітов зейнет демалысына шыққаннан кейін дереспублика Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында, Мүгедектер қоғамында, Ардагерлер кеңесінде жұмысын одан әрі жалғастырған екен.
Осындай өз ісіне адал, Прокуратура саласының саңлағы Өтеген Сейітовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында өзі қызмет атқарған Алматы облысында сынып қана емес, аудан мектептерінің 100 оқушысы «Прокурордың жас көмекшісі» клубына салтанатты қабылданды.
«Абыройлы қызмет-өнегелі өмір» тақырыбындағы өткен салтанатты шара аясында осылай прокурорлық саладағы еңбек тәжірибесі жазылған өмірбаян парағында «Алматы облысының прокуроры» қызметін абыройлы атқарғаны жазылған тұлғаға – өзі қызмет еткен өңірдің жас өрендері де құрмет көрсетуде. Енді болашақ заң мамандары – мектеп қабырғасында жүріп, прокурорлық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, бала күндерінен заңсыздыққа қарсы тұрудың жолдарын игермек.
«Ғұмырының 43 жылын заң саласына арнаған арда азамат Өтеген Сейітұлының ел алдындағы еңбегін ұмытпай, Әділет кеңесшісінің жарқын бейнесін бүгінгі ұрпаққа дәріптеп, прокуратура қызметкерлерінің мәртебесін арттыру арқылы жас ұрпаққа кәсіби бағдар беруді мақсат тұттық» - дейді шара ұйымдастырушылары.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір