• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:27:54
Алматы
+12°

ашық дереккөзден

Күні кеше мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған заң жобасы таныстырылды. Жаңа заң бойынша, бұрын 15 тәулікке қамалатын «боксшылар» бұл жолы 50 тәулікке жабылады екен.

«Біз жұдырық ала жүгіретіндерге кем дегенде 6 ай жаза беруді күткенбіз. Арасындағы 35 күн мен айыппұлдың көптігі «әйелдің тілінен» деп тұрған тирандар үшін түк емес», деп ашынуда әлеуметтік желіде әйелдер қауымы.

Депутат Анас Баққожаев айды аспанға шығарды. Оның айтқаны: «Ерлерді де түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды. Сол жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзындығынан. Қазақта «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» дейді, болмаса “Ерге жаққан әйел елге де жағады” дейді. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз».

Анас мырзаның әйелдерді ашықтан-ашық айыптауы қоғамда келеңсіздік тудырды.

«Билікте Баққожаев секілді қазақ әйелдерінің бағын кері тебетін депутаттар тұрғанда қазақ қоғамында «Салтанаттардың» көбейе беретіні хақ. Бұл кісі осы тақырыпта диссертация қорғаса, ғылыми атақ алар еді», деп желі қолданушылары наразылығын жасырмады.

БҰҰ статистикасына сүйенсек, елімізде бір жылда 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табуып, 327 әйел мүгедек болып қалған.

Бұл – ұлттық трагедия. Кеше елін жаудан қорғаған ерлеріміздің басына мұндай күн тууына һәм ұсақшыл болуына не себеп? Әйеліне төбе құйқаң шымырлайтындай қатыгездіктерді жасағанын естігенде есің шығады. Мәселен, бір жыл бұрын Түркістан облысы Ордабасы ауданында 43 жастағы еркек 37 жастағы әйелін 4 баланың көзінше ұрып өлтіреді. Әйелдің барлық тісі қағылған, ішкі органдары түгел езілген, басында бір тал шашы қалмаған. Ол аздай, ер адам қылмысын жасыру мақсатында әйелінің аузына коньяк құйған. 4 бала қанға бөккен анасын құшақтап отырып, полиция шақырған.

Бұл жерде де әйелі кінәлі болуы мүмкін деген ой санаңызға сап ете қалса, тоқтаңыз! Көршілерінің айтуынша, әйел 4 баласының бақытын бәрінен биік қойған, таңнан қара кешке дейін Мағжан Жұмабаевша айтсақ, қазан-ошақтан өзгені білмеген, аузында сөзі, үстінде бөзі жоқ адам болған.

Қысқасын айтсақ, қоғамда рухани жұтаң, тұлға болып қалыптаспаған азаматтар көп-ақ. Десе де әлімжеттік көрсететін күйеусымақтан ажыраса жөнелгеннен гөрі заң қатаңдаса, ерлер қауымы өздерін тәрбиелер ме екен деген үміт жоқ емес...

Сондықтан Парламенттегілерге жаңа заң жобасына тағы да өзгерістер мен толықтырулар қажет екенін еске саламыз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір