26 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар
Starlink жабдығының алғашқы партиясы елімізге келіп жетті
Илон Масктың SpaceX компаниясы жасап шығаратын жерсеріктер жүйесі - Starlink жабдығының алғашқы партиясы Қазақстанға келіп жетті. Соның арқасында енді ауылдарда интернетке қатысты мәселе болмайды деп күтіледі.
Цифрлық даму министрлігі
Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.
"Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді. Қалған өңірлерге 10 күннен кейін келетін келесі кезекте жеткізіледі. Барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді, олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді", деді министр.
Сондай-ақ Мусин бұл Мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асып жатқанын нақтылай кетті.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 12 қараша Digital Bridge форумы аясында SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейермен кездесіп, шетелдік тарап өз өнімін Қазақстанға жеткізуге ниетті екенін, бұл ауылдардағы сапасыз интернет мәселесін жоюға болатын мүмкіндік екенін жеткізген еді.
Starlink - сапасыз, қымбат немесе мүлде қолжетімсіз жерлерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуді мақсат ететін SpaceX компаниясы орбитаға шығарған ғаламдық спутниктік жүйесі. Қазіргі уақытта ғарышта SpaceX-тің 5000-нан астам топтастырылған Starlink жерсеріктері бар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір