• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 05:29:09
Алматы
+35°

27 Ақпан, 2024 Әлеумет

Қазақстанда Елтаңбаны танымайтын 70 пайыз адам қайдан шықты?

Қазақстанда Елтаңбаны өзгерткісі келетіндер бар екен. Иә, өзін "Жаңа адамдар" деп атайтын жастар қозғалысы ортаға осындай идея тастапты.

Ашық дереккөзден алынды

Олардың сөзіне сенсек, біз білетін елтаңба құндылықтарымыз жайлы сыр шертпейтін әрі болашаққа жол сілтемейтін рәміз көрінеді. Оның үстіне 500 адам арасында сауалнама жүргіздік деген олар "отандастарымыздың 70%-ы елтаңбаны тани алмады" деген қорытындыға келгендерін айтады.

Біз бұған айран-асырмыз! Әсіресе, 70 пайыз деген цифрға. Мүмкін бұлар сауалнаманы шетелдіктер (көрші елден жөңки-жосылып жеткендер көп қой) арасында жүргізген шығар дейік десек, баспасөз хабарламасында отандастарымыз, нақтырағында "қазақстандықтар арасында жүргізілген" деп тайба таңба басқандай көрсетіліп тұр. Сонда Қазақстанда елтаңбаны танымайтын мұнша адам қайдан шықты?..

Кітап бетін ашпаған (оқулықтардың алғашқы бетінде мемлекеттік рәміздердің суреттері беріледі), мектепке бармаған (білім ордасы төрінде де елтаңба, әнұран, ту тұрады) дегеннің өзінде тиын-тебенді ұстап көрген жандар шығар, ең құрығанда, бір бетінде ел рәмізі таңбаланған. Сондықтан осы арасы енді түк қисынға келмейді. Цифрды айтамыз!

Жалпы, бұл ұсыныс қоғамда белгілі бір деңгейде наразылық тудыруда. 

Кезінде Моңғолия астанасы Ұлан-Батордан көшіп келген, мемлекеттік деңгейде лауазымды қызметтер атқарған Асылбек Баяжұма Қазақстанның Елтаңбасы әлемдегі ең әсем 9 елтаңбаның бірі екенін, өздерін атажұртқа шақырған осы Көк ту мен айбарлы Елтаңба екенін баса айтады.

"Елтаңбаны сауалнама жүргізгенде 70% танымады деген өтірік сөзді қайдан шығарды? Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Туымыз бен Елтаңбамызды таниды. Әлем таниды. Мойындаған. Қызығады. Тек сол Көк ту мен Елтаңбаны өзгертіп емес, дүние қазақтарын біріктіретін күшке айналдыру үшін жұмыс жасау керек. Түрлі қысым жасамай әрбір азамат Ту мен Елтаңба бейнеленген төсбелгіні еркін тағып жүрсін. СТО, асхананың әр үстелінде тұрсын. Барлық жерге ілінсін. Айыппұл, анау-мынау деп қыса бермей.  Жаңа Қазақстан Ту мен Елтаңбаны өзгерткеннен жаңарып кетпейді", депті ол кісі ашына. 

Оның орнына ол елімізде саяси, экономикалық реформалар жүргізілсе, 32 жыл бойы еңсесін тіктей алмаған ана тілдің жайын жөндеп алса, халықтың әлеуетін көтерсе деген тілекте. 

"Шетелге млрдтап кеткен қаражатың мен сатылып кеткен жетімдеріңді, отанына оралғысы келетін қандастарыңды жина! Жылы кабинетте отырып алып, БАҚ арқылы, жеке адамдарды салып қоғамдық пікір туғызғанды қойыңдар. Бізге елдің бірлігі мен тірлігі керек. Қалғаны бос сөз. Мен қарсымын!", дейді Асылбек Баяжұма желідегі жазбасында. 

Дегенмен арамызда бұл идеяға үн қосқандар да табылып жатыр. Олардың басым бөлігінің жанына Елтаңба шекесіндегі жұлдыз бататын болып шықты. Ол жұлдыз Кеңес одағын еске түсіретін көрінеді...

Негізі, саясатта ашуға булыққан әлеуеттің "буын шығарып алу" деген тәсіл бар. Яғни, адамның ішіндегі ашу-ызасын көлгірси салған біреуге төктіріп, өздері (саяси жүйе) жалтарып кету үшін. Бұл осындай амал да болуы бек мүмкін деп топшылап жатқандар да жоқ емес. 

Кәмшат Тілеуханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір