• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:57:25
Алматы
+12°

28 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар

Қазақша мультфильм жоқ емес, сұраныс жоқ – Дулат Тастекей

Дулат Тұрсынұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп жүрген кәсіпкерлердің бірі. Оның айғағы ретінде, қазақ тіліне 100 миллион теңге бөліп, қолдағанын айтуға болады. Сондай-ақ ол қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуін талап ететін нағыз ұлтжанды азамат екенін де айта кеткеніміз жөн. Осы орайда, кәсіпкер Дулат Тастекеймен сұхбаттасудың да реті келді.

Дулат Тұрсынұлы, кәсіпкер

     -  Дулат аға, сізді көпшілік қазақ тілінің жанашыры ретінде жақсы таниды. Жалпы cіздің ойыңызша, қазір қазақ тілінің жағдайы қаншалықты жақсарып келеді деп ойлайсыз?

   -  Жылдан жылға қазақ тілінде жақсару бар. Тіпті басқа ұлттардың өздері де қазақ тілінде мынадай сөз үйрендік деп көрсеткісі келіп тұратыны бізді қуантады. Мотивация беру үшін біз де оларды қолдап, қолпаштап қоямыз. Мәселен, ағылшын тілін дұрыс сөйлей алмай тұрғандарға «Ағылшын тілі үйреніп қалыпсың. Керемет!» десең, ол адам кәдімгідей қуанып, қанаттанып, одан сайын ол тілде сөйлей бергісі келеді. Қазақ тілінің жақсаруы үшін қазақ азаматы мен азаматшасының кішкене болсын үйренгеніне қолдау көрсетуіміз керек. Адамдар да ары қарай қанаттанып, мотивация алады. Ал керісінше, бізде жақсы сөйлеп тұрса да, сөзінен стилистикалық қате тауып, оны түзеуге тырысып тұратынымыз тілімізге жанашырлығымыз емес, керісінше, олардың «Қате сөйлегенше, одан да мүлде сөйлемегенім дұрыс» деген секілді қорқынышын көбейтіп жібереміз. Сондықтан да тіліміздің жақсаруы үшін біздің ойлауымызды, қарым-қатынасымызды жөндеуіміз керек. Алайда қазір мемлекеттік биліктегі, мемлекеттік органдардағы болсын не барлық жердегі азаматтардың қазақ тілінде сөйлеп келе жатқанын байқаймыз. Бір күнде түзеу қиын, әрине. Одан да жақсы болсын деп тілейміз. «Барымен базар» деп қарап отыруға да болмайды. 

   - Былтыр Қазақ тілін қолдау қорына 100 миллион теңге аудардыңыз. Сонда халық арасында қазақ тілінің мәселесін көтеру тек ақшамен шешіледі ме? деген сұрақтар болды. Бұл пікірге сіздің ойыңыз қандай?

  - Тілдің болашағы әрине, ақшамен шешілмейді. Дегенмен, кез келген жобаның болашағы тек қаржыландыруына байланысты. Неғұрлым қаржы көп болса, соғұрлым жобаның болашағы бар. Сонымен қатар біз қазақ тілі қоғамында ақша бере салып, тікелей қазақ тілінің қазіргі күрделі қордаланған мәселелерін шешу емес, қазақ тілі қоғамының қаражатты жинаудағы мақсаты – қаражатты жұмсай отырып, табыс тауып, тапқан табысты қордың қызметтеріне бағыттау. Сол бағытта жұмыстар әлі жалғасын тауып жатыр. Әлі де қолдаушылары табылады деп ойлаймыз. Қажет болса, эндаумент қордың негізгі бағыттарын халыққа түсіндіріп, әрбір азаматтың қолдау көрсеткені тек қана бір күн емес, күн сайын, жыл сайын тамшылап болса да, қазақ тілінің қалыптасуына көмегін тигізетін қаржы. Кез келген қолдауға бөлінген қаржыны тек бір сәттік нәрсе емес, жүйелі жасалуға бағытталған қадамдар деп түсіну қажет.

   -  Қазір балалардың тілі ютуб желісі арқылы орыс не ағылшын тілінде шығып жатыр. Ертеңгі күні қазақ балалары өзге тілде сөйлеп, не болмаса тілдері шала шықпайды ма деген қорқынышымыз да жоқ емес. Осы орайда, сіздің қазақ мультфильмдеріне қолдау білдіру ойыңызда бар ма?

   - Бұл өте өзекті сұрақ. Мазмұны қызық болған сайын басқа тілдегі контент балалардың назарын тартып, соны көбірек қарауына, тілінің сол жақа қалыптасуына әсерін тигізуде. Ол тек қана менің не бірнеше азаматтың мультфильмді қолдағаны емес, жалпы ата-аналардың тарапынан уақыт тауып, балаларының жақсы дүниелерді қарауына ықпалын тигізгені дұрыс. Қазақ тіліндегі мультфильмнің көбеюіне сұраныстың болуы да әсер етеді. Негізі қазақ тіліндегі мультфильмдер қазір жоқ емес, жан-жақтан түсіріп жатқан әртүрлі студиялар баршылық. Там-тұмдап болса да, оның саны көбейіп келе жатыр. Бірақ түсірілген мультфильмдер сұраныс таппай жатса, ютубтағы қаралымның қаржысына басқа да сапалы мазмұндамалар жасауға болады. Сұранысты тудыруға халықтың да мүмкіндігі бар. Қарап отырған контенттің қай тілде екеніне назар аударатын болса, контент жасаушылардың жұмысына көмектескен болар еді. Қоғам болып көмектеспесе, бірді-екілі кәсіпкерлердің бір-екі фильм түсіріп бергенінен ештеңе өзгермейді.

   -  Ал кәсібіңізге келсек, TAS Group-ты қалай құрдыңыз? Бүгінгідей дәрежеге жеткенше, тіл жағынан қиындықтар кездесті ме?

   -  Кәсіппен айналысатын адамдар кәсіпті дамыту, жетілдіру бала тәрбиесінен қиын болмаса, оңай емес екенін біледі. Басынан бастап, кәсіпті дұрыс жасау, оның болашағына әсерін береді. Дейтұрғанмен, кей азаматтар кәсіпті ашқанменен, оның мән-мағынасын, жасап жатқан қызметінің қайда апаратындығын дұрыс зерделей отырып, соны өзінің кәсіби біліктілігін жетілдірумен жалғасын табу керек. Дұрыс тұтынушы табу да, дұрыс қызметкер табу да, қызметкерлердің бағыт-бағдарын дұрыс анықтап, түсіндіріп беру де үлкен шешуші рөл атқарады. Мәселен, кейбір адамдар кәсіп бастағым келеді, идеяларым көп, бірақ қолымды қаражат байлайды дейді. Ол өзінің идеясын, кәсібін дамытуға қажетті қаражатты таба алуында қаржы қайдан келеді, инвестиция ма, жеке салатын қаржысы ма соны білуі керек.

   Тіл мәселесіне келсек, бір ғана қазақ тілімен TAS Group компаниясы құрылды деп айта алмаймын. Соңғы 4-5 жылда бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде дамыды. Алғаш кәсіп бастаушылар үшін 90-95 пайыз бизнес жасау қазақ тілінде емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалынады. Яғни, компанияның қызмет көрсетуі, тұтынушылармен қарым-қатынасты қазақ тілінде жасау үшін көп күш жұмсауды талап етеді.

   - Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «AssylTas» қоғамдық қорын құрдыңыз. Жұмыс барысында жастардың кәсіпкерлікке қаншалықты икемді екенін аңғарған боларсыз.

   - Қор тек жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ғана құрылған жоқ. «AssylTas» қоғамдық қоры TAS Group компаниялары тобының әлеуметтік жауапкершілігін жүзеге асыру мақсатында жүйелі түрде құрылды. Ол жыл сайынғы компанияның тапқан табысының белгілі бір бөлігін қоғамның дамуына, қазақ тілінің қалыптасуына, қоғамдағы мәдениеттің, спорт, өнер, руханияттың дамуына ықпал ету үшін құрылды. Бұл – басты миссиямыз. Еліміздегі әртүрлі қорлар, инкубаторлар жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бірақ та жобаның қай тілде құрылатынына талап қойылған жоқ. «AssylTas» бизнес грантқа да, «AssylTas» қоғамдық қорының берілген жобаны қазақ тілінде жасап, қазақ тілінде қорғау, көрсете білу басты талаптарының бірі. Яғни, алғашқы қадам қалай басталса, ары қарай солай жалғасады.

  - Жалпы кәсіпкерлерге қандай талап қоясыз?

  -  Кәсіпкер үшін ең басты талап – сата білуі. Бұл туралы 2021 жылы шыққан кітабымда да жазғанмын. Жалпы адам кәсіпкерлікке аяқ басққаннан кейін өзінің нақты немен айналысатынын, ісінің мән-мағынасының, табиғи икемділігінің бар екендігін түсіну керек. Мен мықты өнімді шығарушы бола тұра, әркімге барып, тауарымды ұсынып, ақша сұрап, сататын сатушы емеспін деген секілді кері пікірлерден аулақ болуы қажет.

 

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір