• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

30 Сәуір, 14:18:36
Алматы
+35°

Фото: Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі

Күні кеше Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” қойылымының премьерасы болды. Аталған қойылым 15 сәуір ғашықтар күнінің қарсаңында тұсауы кесілді.

Ғашықтар зарына тас керең ғасырда дүниеге келіп, жақын-жуықтарынан қолдау таппай, бақиға аттанып кете барған қос мұңлықтың махаббат оқиғасын ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов кезінде өз пьесасына өзек еткен еді. 1940 жылдың 29 сәуірінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында алғаш рет көрермен назарына ұсынылған туынды бүгінгі күнге дейін үлкен сұранысқа ие.

Спектакльдің қоюшы режиссеры – Қазақстанның  еңбек сіңірген өнер қайраткері Әубәкір Рахимов. Қозының рөлін сомдаған – театрдың жас әрі жалынды актеры Мағжан Асаубай. Баянның рөлінде – танымал актриса Индира Құлмағанбетова. Театр директоры Еркін Жуасбек “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” М.Әуезов сахнасында бесінші рет өмірге келгенін айтып, бұл қойылым бұрынғыдан өзгерек екенін жеткізді.

Жаңа технология жарықтарымен түсірілген сахналық суреттер, өте бай колориттегі киімдер, кейіпкерлердің түрлі каскадерлік қимылдары арқылы өзіндік динамикасын танытқан қойылымды көрермен ерекше толғаныспен қабылдап, актерлік құрамға қошемет білдірді.

Театр актері Ғани Құлжанов қойылымдағы қос ғашықтың кіршіксіз махаббаты материализм кең етек алған қазіргі заманда есеппен үйленетін жастарға үлгі болатынын айта кетті. Ал қоюшы режиссер Әубәкір Рахимов “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” шығармасы туралы тың деректерді бөлісті

– “Қозы Көрпеш – Баян Cұлу” поэмасының 21 нұсқасы жиналған, ал жиналмай қалғаны қанша? Бұл шығармаға Пушкин де қызығып, жазбақшы болған. Орыстың талай зерттеушілері өз жазбаларына түсірген. Ал біз көп дүниелерді кезінде жинай алмай қалдық. Мысалы, Жанақ ақынның Қозы Көрпеш – Баян сұлу туралы көптеген нұсқасы бар, бірақ оның бір-екеуі ғана бізге жеткен. Бұл нұсқалар әртүрлі шешімдерімен ерекшеленеді. Бірде Қозы үш күннен кейін тіріледі, үш күн өмір сүріп, о дүниеге аттанады. Бір нұсқасында Қозы қайта тіріліп, Баянмен шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болады. Бұның барлығы неден? Әрине халықтың арманы, қос ғашықтың тағдырына деген тілегі, оларды өлімге қимауынан туған. Осындай жауһарларымызды жас ұрпақ білсе екен дейміз. Осыны мақсат етіп актерлік құрамды да кіл мықты жастардан құрадық, – дейді Әубәкір Рахимов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір