04 Шілде, 2024 NEWS
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді.
– Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты.
– «ШЫҰ форматын» барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Сондай-ақ Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды
– Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті айтылған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізуге барынша үлес қосуға деген шынайы ниеттен туындағанын атап өтті.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, қолдағандары үшін Ұйымға мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тарапына табыс тіледі.
Дереккөз: Ақорданың баспасөз қызметі
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір