01 Маусым, 2012 NEWS
Әкесін хандай күт! Балаң патша болады!
Қазақ аналарына хат.
Қазақ аналарына хат.
Бүгін балалар күні. Олар – тәп-тәтті, періште көңіл! Олардың кішкентай ғана санасында мынау дүниенің есебі мен қисабы жоқ. Шын қуанады, шын жылайды, шын сағынады, шын жақсы көреді. Құлақпен естігенге емес көзбен көргенге сенеді. Ұл болса әкесіне, қыз болса шешесіне қарап бой түзейді. Оның есейгенде «текті» не «тексіз» атануы осы кезден басталады.
Есігіне екі кісі, төріне төрт кісі отырып көрмеген отбасыдан үш үйдің басын қосар ұл шығады деу жалғаншылық. «Атасы топқа кірмеген сөзге салмас құлағын» деп Шортанбай бабамыз осындайды айтады. Дінім – ислам, ұраным – Алаш дейтін қазақ баласы үшін отбасында әкенің орыны айрықша. Шындығы – әке отбасында «хан» болса, бала болашақта патша болам деп өседі. Әке шаңырақтың құлы болса, ұрпағы құлдың құлы болады.
Баласы жауға шапса, анасы «оқ жауырыңнан тимесін» деп батасын серт ұстайтын жұртпыз. Бұл жаудан қашпа деген сөз. Ұлына кетігі бар кесемен шай ішкізбейтін, киімін аттап кеткен шүйкебасты «еркек сыйлап көрмеген» деп сыбап алатын да сол Алаштың аналары. Мына заман Қажығұмар атамыз айтатын«кер қамшы керегеден ыршып түсіп, басында шешеміздің ойнайтұғын» дәурен емес. «Әке сыйлап көрген» әйел үшін ердің басын төрге сүйреу қиындық тудырмайды. Мұны айтып отырғанымыз, балаға «адам өскенде мынадай болу керек, анадай болу керек» деп емес отбасының өзінде үлгі көрсеткеніміз абзал. Күйеуін сыйлай алмаған ана ертең келініне ұлымды сыйла деп айта алмайды.
Біз Абайдай ұлды дүниеге әкелген қазақ аналарының қасиетін тізбелеп отырмадық. Табысқа жеткен кез келген ерекектің артында не тектіден алған жары, не тектіні туған анасы тұрады. Бұл ақиқат.
Қазақ аналарына айтарымыз сол: әкесін хандай күт! Балаң патша болады!
«Қамшы»
Сурет: «Мінберден»
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір