• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 01:22:45
Алматы
+12°

18 Сәуір, 2019

Әкім жеті баласы бар жалғызбасты анаға жеке үй әперді

Мамыр айында тағы да көп балалы бір отбасыға баспана сатып әперілмек.

Президент тапсырмасына орай қазір  жер-жерде көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қамқорлық көрсетіліп жатыр.

Кеше сондай игілікті шараның бірі Текелі қаласында орын алды. Атап өтер болсақ, 37 жастағы «Күміс алқа» иегері Назгүл Қожыкеева осы уақытқа дейін балаларын өзі өсіріп, өзі тәрбиелеп келді. Он жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келе жатқан анаға кеше шаһар басшысы қамқорлық көрсетті. Қала әкімі Бахтияр Өнербаев жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жалғызбасты анаға 4 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. Айта кететін бір жайт, отбасындағы ең кішкентай сәби –сегіз айлық. Аты –Инабат. Кішкентай сәби бір жасқа толғанда анасы  Назгүлге «Алтын алқа»  белгісі тапсырылатын болды.

Текелі Назгүл Қожыкееа

Қазіргі уақытта отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып,  балалардың жәрдемақысымен күнелтіп отыр.  Енді олар 1 сәуірден бастап көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік 165997 теңге жәрдемақы алады.

–Он жылдан бері пәтер жалдап тұрдық. «Өзіміздің пәтеріміз қашан болады?» деп армандадық. Қайырымды жандар қоғамда бар екен. Ең алдымен қала әкімі Бахтияр Өнербаевқа және үйді әперуге қолұшын созған кәсіпкер азаматтарға мың алғыс. Мектеп те – жанымызда. Балаларым енді алаңсыз ұйықтайтын болды. Соған қуанамын,–дейді жалғызбасты, көп балалы ана.

Текелі

Айта кету керек, қазіргі уақытта Текелі қаласында 415 көп балалы отбасы тұрады. Қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың айтуынша, олардың 170 -не баспана керек. Ал ресми түрде кезекте тұрғаны – 55 отбасы ғана.  Ұлтжанды азамат, қала басшысы бұл ретте кәсіпкерлер тарапынан жасалынып жатқан игі қадамдардың жалғасатынын атап өтті. Арнайы құрылған қайырымдылық қорынан мамыр айында тағы да көп балалы бір отбасыға баспана сатып әперілмек.

–Мемлекеттік қолдаудың арқасында Текелі қаласының кәсіпкерлері қайырымдылықтан сырт қала алмады. Кәсіпкер Виктор Сычев біздің бастамамызды қолдап, Назгүл Қожыкееваға жеке үй сатып алуға қолдау көрсетті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнап, арнайы қор аштық. Қордағы қаржы сондай мұқтаж жандарға жұмсалады. Бұл орайда қайырымдылық шаралары жалғасын табатын болады,–дейді Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір