25 Ақпан, 2019 Саясат
Бір сыныптан екі премьер-министр шықты. Мамин мен Мәсімов қандай оқушылар еді?
Мәсімовке де төрт қоятынмын. Бірақ ол бағаға лайықты емес еді.
Үкіметті басқарған екі шенеунік сыныптастар болғанын білдіңіз бе? 2007-2012 жылдары ҚР Премеьр-министрі болған Кәрім Мәсімов пен бүгін ғана, яғни 2018 жылдың 25 ақпанында Үкімет басшысы болып тағайындалған Асқар Мамин Киров атындағы №1 элиталық мектепте бір сыныпта оқыды. Алайда Мәсімов төртінші сыныпта басқа мектепке ауысқан. Бұл туралы «Мегаполис» басылымының 2007 жылғы санында жарияланды.
Мектеп сол кездегі Целиноград қаласындағы ең үздіктердің қатарынан табылды әрі математикалық бағытты тереңдетіп оқытқан. Тіпті онда оқудың өзі оқушылар үшін арман болған деседі. Себебі қаланың ең білімді педагогтары сонда жиналған. Ал бүгінде биліктен орын тепкен шенеуніктер мектепті үздік бітірген.
Мамин мен Мәсімовке сабақ берген Марья Исакқызы (құжат бойынша есімі – Мүслім Айсаққызы) басылымға сұхбат та беріпті. Сұхбат барысында шенеуніктердің қандай оқушы болғанын айтып берді.
«Балалар жақсы оқыды. Мамин ортаңғы қатардың бірінші партасында отыратын. Тәртіпті бала болды, бірақ анда-санда қылықтарын көрсетіп қоятын. Бірде барлық оқушы «картоп жинауға» шыққанда, Асқар достарымен қашып кеткен. Ал келесі күні мектепке ата-анасымен ғана кіргізілді. Мен қатал болатынмын. Бұзықтық жасаған оқушыларды бұрышқа тұрғызып қоятынмын. Асқар да сынып бұрышында жиі тұрды. Аздап қулығы бар еді. Жанында отырған оқушылардан көшіріп алатын, сол үшін де оны жиі жазалайтынмын. Ал жалпы тыныш бала болды.
Кәрім де жақсы оқыды. Әлі есімде, ауыр сөмкемен жаяу кетіп бара жатқанымда Кәрім мен достары маған сөмкемді көтерісуге көмектескен», - деп есіне түсірді Марья Исакқызы.
Марья ханым қазақ тілі пәнінен сабақ беріпті. 1972 жылы Мәсімов пен Мамин 1-і сыныпқа барғанда, Исакқызы да жұмысқа орналасқан. Сол кезде қазақ тілін аздап меңгерген оқушылардың бірі Мамин болған екен.
«Көбі қазақ тілін білмейтін. Ал Мамин білді, бірақ сөйлеуге ұялатын. Сұрақ қойсаң, үндемей тұрады. Немесе «Не знаю» деп жауап береді. Екі де, үш те алатын, бірақ төртке оқыды. Себебі қазақ тілін білетін бірен-саран оқушылардың бірі еді. Мәсімовке де төрт қоятынмын. Бірақ ол бағаға лайықты емес еді. Өзге пәндердің бәрі бестік болғандықтан, амал жоқ, төрт қоятынмын. Ал қазақ тілін білмейтін, қазірдің өзінде білмейді ғой. Бірде танысым: «Марья Исакқызы, оқушыңды дұрыс оқытпаған секілдісің» деп ұялтқан болатын. Кәрімге сол кезде қаталдық танытуым керек еді», - деген Марья ұстаз өкінішін де айтып қалды.
Марья Исакқызы оқушыларының осындай дәрежеге көтерілгендері үшін мақтанады, әрине. Тек екеуі де білім алған мектептеріне бітірген соң аяқ баспаған екен. Соған қапалы...
Айта кетейік, бүгін, 25 ақпан Парламенттің мақұлдауымен Асқар Мамин ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір