• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 01:05:13
Алматы
+12°

Сәдібек Түгел танымал саясаттанушы Досым Сәтпаевты қазақ тілін үйренуге шақырды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Президенттікке үміткер танымал саясаттанушының президент сайлауына байланысты пікірін оқығанын, алайда оның пікірімен келісе алмайтынын мәлімдеді. 

"Біріншіден, Досым осындай жазбаны жазуы үшін бізбен кездесіп алуы керек. Сол кезде біздің қалай сайлауға қатысып жатқанымызды біліп, көп сұрағының жауабын біздің аузымыздан еститін еді. Әйтпесе, оның жазбасы тек қаралау негізінде ғана жазылып тұр. Біздің "Ұлы дала қырандары" — республикалық қоғамдық бірлестік. Біздің артымызда ешқандай кландар немесе қаржылық топтар жоқ. Ал мен ешбір партияның мүшесі емеспін. Кезектен тыс президенттік сайлау туралы заң шыққаннан бастап сайлауға түсу туралы шешім қабылдадық. Себебі мемлекет бізге мүмкіндік берді. Сайлауға партиялармен қатар қоғамдық бірлестіктер де қатыса алатындықтан, біз ақылдаса келе осындай шешімге келдік. Қатысушылар мен делегаттар мені кандидат ретінде ұсынып, сайлау додасына қатыстық. Содан бері сайлау додасының нақ ортасында Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен келе жатырмыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл қазірде біздің елімізде, қоғамымызда демократияға деген бетбұрыстың барын көрсетеді. Елде, халықта таңдау бар", - деді Сәдібек Түгел. 

Кейін Сәдібек Түгел қазақ тілінің мүшкіл жағдайы туралы сөз қозғады. 

"Екіншіден, қазіргі таңдағы негізгі мәселелерді бірі әрі маңыздысы – тіл мәселесі. 30 жыл өтсе де, тіл өзінің тұғырына жетпек түгілі, күннен-күнге төмендеп бара жатыр. Өз елінде, өз жерінде үшінші сорттағы тілге айналып отыр.  Бұл дұрыс емес. Қазіргі тілдің жағдайы өзек өртер ұтылыста болып тұр. Сол себепті мен өзімнің сайлауалды бағдарламамды өз ана тілімде, мемлекетімнің тілінде жүргіземін. Мақсатым– мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Айналайын, Досым арада 30 жыл өтті. Өзің неге мемлекеттік тілді құрметтемейсің? Не себепті мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде жазып, осындай мәселелерді көтермейсің? Саясаттанушы деген халықтың мұң-мұқтажын айтады. Осындай маңызды мәселелерді айтқан кезде ең алдымен өзіңнің мемлекеттік тіліңде сөйлеуің керек. Мемлекеттік тілде айтып, жазуың керек. Сонда бұл әділ болады" , -деді Сәдібек Түгел. 

Сонымен қатар ол саясаттанушыны кездесіп, ақылдасуға шақырды. Қоғамдық бірлестіктің тіл мәселесін қозғап, дәріптеп жүргеніне 20 жылдан асқан. Ал ресми тіркелгеніне 8 жыл болыпты. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты — атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, жастардың игілігіне жарату. 

"Саясаттанушы ретінде айтшы, қазіргі ақпараттың 85 пайызы орыс тілінде. Орыс тілі бұған мұқтаж емес. Ол – әлемдік алты тілдің бірі. Ал біздің тіл күннен күнге құрып бара жатыр. Соның басы қасында сіз секілді саясаттанушылар тұруы керек еді. Осыған жауап берші. Неге біз осындай күйге түстік? Сол себепті сіздің сайлауға байланысты қаралап жазған жазбаңызды дұрыс емес деп есептеймін. Біріншіден, жазбаңыз шындыққа, ақиқатқа сай емес. Ал біздің позициямыз – дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деу. Сайлау болғаннан кейін кемшілік болуы әбден мүмкін. Бірақ ол уақытша ғана. Ең бастысы, біздің ұстанымымызды қазақ халқы қолдап отыр", - деп сөзін түйіндеді кандидат. 

Дайындаған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір