• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:43:57
Алматы
+35°

25 Қазан, 2016 Әлеумет

Жат жұртқа кеткен жапон қыздары да ана тілін ұмытпайды

Ертеде жапондар қазақтар секілді құда түсу арқылы үйленген. Бәлен деген жердегі бәлен отбасының қызын алуға рұқсатты алдымен рубасы, содан соң әкесі берсе ғана...

Ертеде жапондар қазақтар секілді құда түсу арқылы үйленген. Бәлен деген жердегі бәлен отбасының қызын алуға рұқсатты алдымен рубасы, содан соң әкесі берсе ғана жігіт үйленген. ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ қоғамы қалай өзгергенін тарихтан білеміз. 1950 жылға қарай қазақ зиялылары мен жай жұмысшылардың ішінен де бірталай азамат орыстан әйел алды. Басқа ұлтқа күйеуге шыққан қазақ қыздарының саны көбейді. Ол кездегі қазақ жастары Одақ құрамындағы ұлт өкілдеріне үйленуші еді. Ал 1991 жылдан бастап Америка, Германия, Ұлыбритания, Австралия, Қытай, т.б. шет мемлекеттің азаматтарымен бас қосқан қыздардың қатары көбеймесе азаймай отыр. Бөтен жұрттың адамымен некеге тұрған соң Қазақстанда тұрақтап қалған қандастарды да көріп жүрміз. Баспасөз беттерінде оларды айыптап, сынап жатады. Айыптаудың артында ұлттық намыс, ұлттық мүдде тұр. Ал осы халықаралық некеге жапондар қалай қарайды екен?

Алдымен мән беруді қажет ететін мәселе жыл өткен сайын Қазақстанда да, Жапонияда да қыздар тұрмысқа шығуды кешеуілдетуде. Еліміздегі бұл жағдай баршаңызға белгілі, ал Жапонияда 29 жастағы қыздардың 40 пайызы тұрмысқа шықпаған. Жалпы, бүгінде Күншығыс еліндегі жанды ауыртатын мәселенің бірі — үйленушілер санының азайып бар жатқандығы. Соңғы он бес жылдан бері жапондардың көпшілігі отбасын отыздан асқанда құруды жоспарлайтын болды. Олар үшін ең маңыздысы — жұмыс. Тағы бір шаншудай тиетіні бала туудың күрт азайып кеткендігі. 1970 жылдары әр жапон отбасында кемінде 4-5 баладан болған. ХІХ ғасырда 10-15 балалы отбасылар көптеп кездесетін. Ал қазір бұл халық «балаға зәру». 2050 жылға қарай халықтың басым бөлігін қарттар құрай ма деген қауіп бар.

Жапонияда шет елге тұрмысқа шыққан қыздар мен бөтен елдің қызына үйленген жігіттер де аз емес. 2000 жылғы есеп бойынша 25 мың жапон жігітінің әйелі өзге ұлттан екен. Күншығыс елінің жігіттеріне қай мемлекеттің қыздары көп шыққан десек, алдыңғы орында кәрістер тұр. 6 мың кәріс қызы жапонға келін болған. Жапониядағы 8 мыңға жуық келіннің ұлты — қытай.  200 астам американ қызы жапонға тиген. Бұдан басқа мемлекеттерден алған келіндердің жалпы саны 10 мыңнан асады.

Ал енді теңіз асып кеткен жапон қыздарына келейік. 2000 жылға дейін 8 мыңға жуық жапон қызын шет елге ұзатыпты. Жапон қызын айттырғандардан бірінші орынды тағы да кәрістер алады. 3 мыңға жуық кәріс жігіті Жапонияға күйеу бала болған. 800 жуық қыз бақытын Қытайдан тауыпты. АҚШ – қа тигендері 1,500 – дей. 2500 қыз басқа елдерге келін боп кеткен. Шет елдікпен некеге тұрған бірнеше жұп туралы айтайын.

Мәселен, Канаэ есімді жапон қызы Раджерт деген үнді жігітімен Америкада танысып, бас қосқан. Баласымен жапон тілінде сөйлеседі. Ерлі – зайыптылар: «Біз халықаралық отбасымыз. Бір – бірімізді сыйлаймыз, үнді мен жапонның салт – дәстүрі бөлек болса да түсінісуге тырысамыз» дейді.

Үнді жігітімен отбасын құрған Руми да өміріне риза. Сатаркан Жапониядағы зауытта жұмсы істеп  жүрген жерінен Румиді кездестіріп, «үйленем» дегенде Раджистандағы әке – шешесі қарсы  болыпты. Үндістанда бөтен елдің қызын алу деген жоқ. Сатаркан Румидің суретін әке – шешесіне жіберіп, сүйіктісінің бар жақсы қасиеттерін сипаттап, хат жазып, әйтеуір келісім беруге көндіріпті. Қазір екеуінің бір ұл, бір қызы бар.

Ал камбоджалық Ротэйда іссапармен Жапониядан келген Кэндзироуға тұрмысқа шыққан. «Тұңғышымды Жапонияда тудым. Алты ай енеммен бірге тұрғанда жапон тілін аз да болса үйреніп алдым. Енем білместігіме кешіріммен қарап, ақылын айтып, тәрбиеледі. Енеме ризамын» дейді Ротэйда.

Кунихико жарын Мароккодан тауыпты. Оның әйелі Медия ата – енесіне риза. «Алғашында ата – енеммен ағылшын тілінде тілдесетінмін. Қазір жапон тілінде сөйлесеміз. Балаларым да әкесінің тілінде сөйлейді» дейді жапонға келін болған Медия.

Тамами деген қыз Кубаға саяхаттауға барған кезде Гаваиде Вафридпен кездесіп, екеуі Жапонияға келіп некелескен. 2006 жылы Йокохамада «Эль Парайсо» деген куба мейрамханасын ашқан Валфрид «екі елдің арасын осы мейрамхана арқылы жалғаймыз» дейді.

Шет ел азаматымен некеге тұруға қарсы жапондар аз емес. Олар алдымен діни сенімді алдыға тартады. Ұлты, діні, салт –дәстүрі, тіршілік  дағдысы бөтен кісімен бас қосуға ешқандай мемлекетте ешкімді мәжбүрлемесі анық. Жастардың өз еркі өзінде болғандықтан  баласының басқа ұлттың адамына үйленуіне ата – ана да қарсы болмайтын бопты. Бірақ шет елдікпен некеге тұрған жапондардың тілі мен дінін өзгертпегені жатқа кетіп, ұлтын ұмытқан қазақтарға сабақ қой деймін.

 

Шарафат Жылқыбаева

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір