• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

30 Сәуір, 14:01:49
Алматы
+35°

05 Мамыр, 2017 Айтты-ей, бауырың!

Проблеманың бәрін "қазірден" көретін Қазекең!

Біз   Ұлы  дала  төсінде  еркін  өскен  халықпыз. Ешкімге  мойынұсынған  жоқпыз. Көк бөрінің ұрпағымыз деп ұран...

Біз   Ұлы  дала  төсінде  еркін  өскен  халықпыз. Ешкімге  мойынұсынған  жоқпыз. Көк бөрінің ұрпағымыз деп ұран тастап,  Алтайдан Атырауға дейінгі  ұлан-ғайыр алқапты,  ауыздықпен су ішіп, етігімізбен  су  кешіп жүріп мынау замана көші зырғып жатқан адамзат өркениетінің  жаңа бір арнасына келіп қосылдық.

Тәуелсіздіктің  көк  туын  биікке  көтеріп, сан мың ұлт пен  ұлыстың  арасынан  Еуразия  құрлығының  бар байлығын жиып алған территорияда   Қазақ елі, ұлы көшпенділер өркениетінің мұрагері деген абыройға ие Ұлы мемлекеттің қазығын қақтық. Оны мекендейтін көк  бөрінің  тікелей ұрпағы  біздің  қазақ  халқы.

70 жыл  бойы  Кеңестің  үскірігі  бойымыздағы маздаған  отты  өшіре  алмаған  елдің  бүгінгі  хал-ахуалы  қалай?

Бабалардың қаны сіңген мынау жерде қандай қайырлы іс қылып жатырмыз, олардың  аманатын дұрыс  арқалап  жүрік  пе?

Иә, тәуелсіздік  алғалы  бері  күрмеуіміз  босап, демократияның көк жиегінде еркін көсіліп келеміз. Алайда қазіргі таңдағы әлемдік тұтастану үдерісі біздің  ғұрпымызға, дәстүрлі дінімізге  қырын қарайтыны анық. Жекешеленіп әркім өз білгенінше өзгере береміз бе? Тіпті, жаһанданудың көшіне түсіп әркім қарабасының қамына көшіп бара жатқаны бәрімізге айқын.

Адам өмірге келген соң бәрін өзіне жасайтыны аксиома. Бірақ  бір  халық , бір  ұлт  деген  ұғымдар қайда  қалады. Бір-бірімізді  жүндей түтіп жесек, анау – жағдайы бар, мынау-  жағдайы жоқ деп өзіміздің түп-тамырымызға қайшы демократияның капиталдық мүмкіндіктерін  қалай тұтастырамыз. Кереғар дегеннің өзінде адам ол үлкен ресурс. Бірақ  біз  сол ресурстарды  бір-біріне  төбеттерше  айдақтасақ, бөлсек  не  болады?  Кезінде көк бөріміз деп айтатынбыз. Ол  кезде бір-бірін  ешкімге  жегізбейтін, өз  апанын  қорғаған  бөрі  болдық.  Ал  қазірше, сол бөрілер  бірін-бірі  жейтін, өз  апанын  ақшаға сататын итке  айналып  бара  жатқан  жоқ  па? Бір-біріне  күн бермеу,  құлдық  сана,  пайда ойлаған  заман  осы қазақ  дейтін  дархан  халықтың  басты  ұстанымына айналып  бара  жатқандай. Таудағысы қырдағысына , қырдағысы төбедегісіне  жаттай  қараса, тістегеннің аузында  кетпесімізге  кім  кепіл?

Алдыңғы  буынды  айтпағанда,  қазір  орта  буын мен жастар  өздеріне  не  керектігін  біле  ме өзі? Мәселенің  барлығы  осы  керектен  шығатын  сияқты. Сенбесеңіз  сұраңыз  қазақтың  ұл -қызынан. Мен бастық болсам дейді, бизнесмен болсам дейді, бәрі бай лауазымды болғысы келеді. Өмірдің мәнін байлықтан іздегеніміз мүмкін  өскеніміз, дамығанымыз  шығар.  Алайда   жұрттың   бәрі ашкөзденсе  қоғам  не  болмақ?  Ғалым болсам, елдің ертеңі  үшін  қызмет  етсем дейтіндер саусақпен санарлық. Олардың  да  көп  бөлігі  жан-жақтан келген, университетте  өле қоймаспыз деп жүрген жандар. Сонда  күніміз  өлместің  күніне  айналғаны ма?  Қарын  мен  баспананың  зары  өткен  қазақтың жастары  қайдан  ғылым-техниканы ойласын. Тіпті, халқына  қызмет  ету  ешкімнің ойына кіріп шықпайды.

 Біз сөз сөйлесек, тіпті бүкіл сәтсіздікті, барлығын  "қазір"  деген  стеротип  болып қалыптасқан сөзге  тірейтін  болдық . Бүкіл қазақ неге проблемаларын "қазірге" тірейді. Қазір дегеніміз не?

Ол кімдер? Қазір қиын. Қазір мүмкіндік жоқ.  Қазір бәрі ақша.  Қазір танысың болу керек. Сонда бұрын қалай болды?

Меніңше, сол қазір деген сөз қазіргі біздің  қоғамның келбеті. Бір-бірін талау, күндестік, тапқа бөліну. Тапқа  бөлінудің  өзі  материалдық  жағдайға байланысты. Қысқашаласаң  қоғамға  байлық керек. Басқа ештеңе. Осының  барлығы  рухани,  материялдық  мәселелерді  заманға,  уақытқа тіреп, яғни  қазірге  артып  қойған. Ол үшін күресіп жатқан ешкім жоқ. Осы сөз қазақтың үмітін,  кемеңгерлігін, Алатаудың  биігіндей   алыптығын жастықтың  астына  тығып , содан әлі ұйықтап жатқандай көрінеді.

Біз  өзімізге  не  керегін  дұрыс  білмей  жатып, өз-өзімізді  жаңғыртамыз деп,  жар  тасқа  барып жаңғырып  жүрмелік.

Мақала авторы: Қаршыға Еділ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір