• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

13 Наурыз, 2018 Сегіз өрім

«Құрметті әкенің» жемқорлыққа қарсы жадынамасы

Көңіл бөлудің басты шарты сол –  жадынамаға иректетіп тұрып өзі де қол қоюы тиіс. Міне, жемқорлардың желкесін қиятын жадынамаға сонда ғана жан кіреді.

Астана әкімдігі жегіқұртқа айналған жемқорлыққа қарсы күресте жаңа тәсіл ойлап тапқанға ұқсайды. Жаңа тәсіл дейтініміз, елімізде жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың жолын кесуге қолданылмаған шара кемде-кем. Бірақ соның бірде-бірі оңды нәтиже берді деп айта алмаймыз. Ал Астана әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен жобасы осы олқылықтың орнын толтыруы мүмкін бе? Жемқорлықпен жең түре күресуге бел буған Әсет Исекешев Астананы «адалдық алаңына» айналдыра ала ма?

Алдымен аздаған мәлімет келтірейік. «Елордадағы барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары осы жылдың екінші тоқсанында жеке жауапкершілік жадынамасына қол қоятын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаменті директорының орынбасары Жазира Жылқышиева айтты, деп хабарлады кеше ҚазАқпарат.   

Дерекке қарағанда, «Астана адалдық алаңы» жобасы биылғы жылдың 7 ақпанынан бастап іске асырылатын көрінеді. Оның мақсаты – қаланы қолайлы ортаға айналдыру, әкімшілік кедергілерді жою, тұрмыстық жемқорлықты болдырмау. Бұл үшін 7 бағыт бойынша әрекет ету көзделген. Әр бағытқа арнайы жұмыс топтары құрылып, бір айдың ішінде бірқатар істер атқарылса керек. Айталық, елорданың барлық емханаларында азаматтарға  қолайлы орта қалыптастыру мақсатында электронды кезек енгізу және тұрғындардың электронды денсаулық картасын жасау жұмыстары қолға алынған. Құқық қорғау органдарында да халыққа қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында біршама жұмыстар атқарылып жатса керек.

«Сонымен қатар бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыру үшін де жұмыстар жүргізілді. Жұмыс топтары басшының жеке жауапкершілігі жөніндегі арнайы жадынама әзірлеп, қоғам талқылауына ұсынды. 16 наурыз күні аталған мәселеге орай қоғамдық талқылау өтеді.  Ал екінші тоқсаннан бастап  әрбір мемлекеттік органның бірінші басшысы оған қол қояды. Осылайша, мекеме ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүргізілмесе немесе тиісті деңгейде атқарылмаса, онда оның жауапкершілігін арттыратын құжат дайын болады», - дейді Ж.Жылқышиева.

Былай қарасаңыз, жаңа жобаның «Астана адалдық алаңы» деген атауы әп-әдемі. Бүкіл қоғамды жайлаған дерттің дауасы елордадан табылып жатса, кәнеки! Алайда бұған күмәнмен қарайтындардың көп екенін ішіміз сезеді. Өйткені жемқорлықты жүгендеп, сыбайластықтың ініне су құюға бағытталған іс-шаралар бұған дейін де сан мәрте көтерілген.

Жаңылмасақ, сонау 2014 жылы Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «жемқорлықпен күресті балабақшадан бастайық» деп ұсыныс тастаған. Оның пайымдауынша, орта мектепте оқытылатын «Құқық негіздері» пәніне жемқорлықтың не екенін түсіндіретін тараулар енгізген дұрыс. Осыған ұқсас пікірді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың да қойып қалғаны есте. Ол да жемқорлықпен күресті балабақшадан бастаған жөн болатынын айтқан еді.

Соған қарағанда, депутат пен әкім және олармен пікірлес жуандар жемқорлықтың қазіргі залалымен емес, келешегімен күресуді дұрыс санайтын тәрізді. Бірақ солай жасаған күннің өзінде оның нәтиже береріне сенім жоқ қой. Мұрынбоғын сүрте алмайтын сәбилерге жемқорлық туралы пәлсапа айтып, не береке таппақсың?!

Сондықтан да болар, сыбайластықтың сықпытын сәбилерге түсіндіру бастамасы айтылған жерде қалды. Дегенмен жөні түзу ұсыныстардың да болғаны рас. Мәселен әнеубір жылы Әлихан Бәйменов Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне  төраға болып жүрген тұста «Біз бір заң жобасын әзірледік. Оған сәйкес, егер қол астындағы қандай да бір шенеунік коррупциялық қылмысқа қолын былғаса, оның басшысы отставкаға кетуге міндетті болады» деп ел назарын өзіне аударған. Егер шынымен де сондай заң қабылданып, орынбасарларының былығы үшін басшылар орнын босатып жатса, жемқорлықпен күресте күш алуымыз әбден мүмкін еді. Әлде бірер жылда ақ жағалылардың бәрі атынан ауып қалып, биліктің дәлізі бос қалар ма еді. Ол жағын кім білсін, әйтеуір, агенттіктің жобасы да қабылданбаған бастамалардың қатарына қосылды.

Жасыратыны жоқ, Астана әкімдігі жемқорлықпен күресіп мандытпаса да, ылғи жаңа жоба-жоспар құрып, тырбанып жатады. Ертеректе «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы жемқорлыққа қарсы нағыз күрес жариялап, қаладағы барлық салалар бойынша партиялық бақылау постыларын құрып тастаған еді. Әйтсе де, содан тыйылған жемқорлық тағы жоқ. Оны айтасыз, арам ақшаға аңсары ауып, ындыны құрып тұратындар сол «Нұр Отанның» ішінде толып жүр. 2014 жылы осы партияға бас болып жүргенінде Бауыржан Байбек жарты жылда 25 мың жемқордың «Нұр Отан» сапынан шығарылғанын айтқан болатын. Әнекеи, сізге мәселе!

Құрметті әке

Астанаға қайта оралайық. Жоғарыдағы ақпарға қарағанда, екінші тоқсаннан бастап, қаладағы әрбір мемлекеттік органның біріншісі басшысы қоғамдық талқылаудан өтіп, тап-тұйнақтай әзірленген жадынамаға қол қояды. Сосын өзі басқарған мекемеде сыбайластыққа қарсы жұмыс жүргізілмесе немесе тиісті деңгейде атқарылмаса, жауап береді. Ал жадынама деген не? Біздіңше, біреу желкелесе де, жемқорлыққа жуымау енді сенің жадыңнан шықпауы тиіс. Және сен оны қарамағыңдағы «қарақтарыңа» ұдайы ұқтырып отыруға міндеттісің. Әйтпесе... Міне, осы тұсы ғана жұмбақтау. Жауап берудің мәні қандай болатыны жобада нақты көрсетілмеген. Алайда біз мұны тәп-тәуір бастаманың кемдігіне баламаймыз. Қанша айтқанмен, «Құрметті әке» деген аты бар ғой, Әсет Исекешевтің де бір білгені болуы тиіс. Мұндай атақты оған өткен жылы «Әкелер одағы» табыстап, «Құрметті әке» деген марапат қағазды қолтығына қыстырып жіберген. Білесіз, шенді-шекпенділер өзара сөйлескенде президентті «папа» дейді. Демек, папаның қазақы нұсқасына ие болған жалғыз шенді әзірге осы – Исекешев. Ендеше жемқорлықпен күрестегі жобасына да ол әкелік пейілмен көңіл бөледі деп үміттенеміз. Көңіл бөлудің басты шарты сол –  жадынамаға иректетіп тұрып өзі де қол қоюы тиіс. Міне, жемқорлардың желкесін қиятын жадынамаға сонда ғана жан кіреді.

Сансызбай Нұрбаба

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір