• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 03:14:04
Алматы
+12°

10 Наурыз, 2013 NEWS

Хиджаб пен Ұждан арасы…

«Орамалмен оранған, әлемде еш болмаған, хиджабтағы қыз сұлу, жаратушым қолдаған» – деп, қазіргі әншілеріміз

«Орамалмен оранған, әлемде еш болмаған, хиджабтағы қыз сұлу, жаратушым қолдаған» – деп, қазіргі әншілеріміз  әнге қосып жүрген аруларымыздың орны қазіргі қоғамда қандай? Бұл сұрақ қарапайым болғанымен, қазіргі кезде кез-келген өңірде үлкен дау тудыратын мәселелердің біріне айналып отыр. Бастапқы кезде хиджаб киген әйел адамды көре қалса таңданып, көздері жеткен жерге дейін қарап, ұзақ тұратын халық қазіргі кезде таңдануды қойған. Себебі, көшенің түкпір-түкпірінен, аялдамалардан, көліктерден, қоғамдық орындардан, тіпті оқу мекемелерінен де хиджаб киген аруларымызды көптеп кездестіруге болады. Жалпы, хиджаб кию қазақ қыздарына тән бе, жоқ па? – деген сұрақтың төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылуда.  Солардың ішінде, ең көп айтылатын нақты екі пікір бар. Соның біріншісі, « Хиджаб кию қазақ қыздарына жат қылық. Қазақ қызына еш уақытта орамал таққызбаған. Күйеуге шығып, келін атанып, отбасы, ошақ қасында жүрген әйел, аналарымыз орамалдарын артынан тартып, бала тәрбиелесе, әжелеріміз бүрме көйлек киіп, кимешек тағынып, немере сүйген. Қазақ әйелдерінің қай кезеңде болмасын киім үлгілерінде хиджаб болмаған. Хиджаб – араб әйелдерінің ұлттық киімі. Қазақ әйелдеріне тән емес» – деген пікірді ұстанатындар. Екіншісі, «Хиджаб киюдің ешқандай ерсілігі жоқ. Хиджаб – ар-намыс қорғаны, имандылықтың белгісі. Ашық-шашық киініп, көше кезгенше, қыздарымыз хиджаб кисін. Жартылай жалаңаштанып, ар-ұяттан безген қыздарымыздың жасаған күнәләрінан, хиджаб киіп, намаз оқыған қыздарымыздың сауабы артық»  – деушілер. Бұл бір жағынан ата-баба дәстүрін сақтап, дәріптеушілер мен дінді сүюшілер арасындағы дау іспеттес. Хиджаб – Араб елдерінің ұлттық киімі.  қазақ тіліне аударғанда « жабық киім» деген мағынаны білдіреді. Ниеті түзу, иманды адамға арабтың ұлттық киімін киіп, бет ауызын орап алу міндетті емес. Денесін жауып тұратын кең киім киіп жүрсе жеткілікті. Бірақ, неге екені белгісіз, қыздарымыз өз ұлтының бүрмелі көйлегін кимесе де, өзге ұлттың хиджабын  киюге құмар. 1979 жылғы Ислам төңкерісінен кейін Иран әйелдері үшін хиджаб кию міндетті болды. Бұл мемлекеттік киім үлгісін кимеген мыңдаған әйел қамауға алынып, хиджаб киюге келіспегендерін оқшауландырып тәрбиелеген. Ирандық белгілі журналист, әйелдер құқығын қорғаушы Фариба Давуди Мохаджер «Азаттық Еуропа / Азаттық» радиосына берген сұхбатында осы мәселе жөнінде біраз мағлұмат берген. Ол өзге әйелдердің емес, тікелей өз басынан өткен жайттарды баяндай отырып, күллі иран әйелдерінің мұңын жеткізгендей. Фариба Мохаджер хиджабты 13 жасынан кие бастаған. 2006 жылдың қысында өзінің бас орамалын теңізге лақтырып тастаған. Ирландияда өткен бұл күннің әрбір сәті оның есінде сақталып қалыпты. Фариба бірнеше сағат бойы Дублиндегі теңіз жағасында жаяулап жүріп, хиджабын біржола қалай шешіп тастау керектігін ойластырып, толқынға ағып кеткен орамалынсыз өзінің қалай көрінетіндігін көзге елестетумен болғанын айтады. Оның есінде тіпті бірінші рет самал желді шашының қалай сезгені қалған. «Бір сәт мен бұл әлемде шашымның самал желді сезінгенінен үлкен ләззат жоқ екен деп түсіндім» – деп Фариба өз сезімімен бөлісті. 13 жасынан хиджаб киген Фарибаға Ирандағы Ислам заңдары бойынша бұл киім үлгісі шектеу мен әділетсіздік нышаны сияқты көрінді. Ол хиджабын тастағаннан кейін, өзінің Иран үкіметінің қоғамдық бұғауынан босағандай сезінгенін айтады: «Мен хиджабты әйелдерге қарсы, оларды бақылауда ұстау үшін әрі қуғындауға қолданылып келе жатқан құрал ретінде көрдім. Сол себепті мен оны енді бұдан былай кимеуге бел будым». Осылайша, өз ойын ашық білдіре отырып, әйел құқығын, теңдігін қорғауға ат салысқан Фариба қамауға бір емес бірнеше рет алынған. Оны Ислам төңкерісі сақшыларының бақылауындағы қауіпсіздік түрмесінде 40 күнге жабылған кезде ұрып-соққан. Сол кезде киіп жүрген паранжасы ештеңеден қорғай алмайтынын түсінген. «Дінде мәжбүрлеу жоқ» деп құранда айтылған. Өкінішке орай, хиджаб киюді міндет етіп қойған діни мемлекеттер бар екен. Сол бұғаудан қалай құтыларын білмей жүрген әйелдер қарсылық білдіріп жатса, біздің елімізде хиджаб кию «сәнге» айналған. Хиджаб киіп, бес уақыт намазын оқып, ниеті түзу, ары таза қыздарымызға айтар дауымыз жоқ қой, бірақ, сол хиджабты киіп жүргендердің бәрі адал, сүттен ақ, судан таза деп айту қиынға соғып тұр. Темекісін шегіп, ішімдік ішіп, түнгі клубтардың гүлі болып жүрген қыздарымыз, сол күнәләрін жуып-шаймақ болып намаз оқып, хиджаб киеді. Істер істерін бір жола тастап барып намазға жығылса бір сәрі, күнәсімен намазын қатар алып жүрген ақымақ қыздарымыз қаншама. Ислам дінін қабылдау, намазға жығылу, ораза ұстау үлкен жауапкершілікті, тұрақтылықты, төзімділікті талап етеді. Сол себепті де, адам бұл істерді бастамас бұрын өз-өзін дайындап, өзінің нәбсісін жеңе алатынына, сол істерге ниетті екеніне көзі жеткеннен кейін барып намазға жығылады.  Ал, қазір, көпшілік жағдайда, намаз оқу, хиджаб кию қаншалықты оңай болса, соншалықты, кез-келген уақытта хиджабын шешіп тастап, намазын тастап кету  оңайлыққа соғып отыр. Бұл, ең алдымен, дінге деген құрметтің тапталуын аңғартса, бір жағынан адамзаттың, болашақтың адамгершілікке деген ниетінің таяздығын білдіреді. Паранжа киіп өздерінің шын кескін келбетін жасырамын деп ойлап жүрген аруларымызға айтар бірір сөз: «Сұлулық бетте емес жүректе». Адамның киімі, сыртқы келбеті – ішкі жан-дүниесін еш уақытта жасыра алмайды. Хиджабты кимей-ақ, Аллаға құлшылық етіп, дұға оқуға болады. Ең бастысы, жан тазалығы, ар тазалығы. Сондықтан, паранжаңды кие тұра, басқа да жаман істеріңмен екі есе күнәға батқанша, қарапайым елмен бірге қазақтың ибалы, инабатты, сыпайы қызы болып жүргенге не жетсін.  

 Жарқыннұр БОЛЫСХАНҚЫЗЫ

   
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір