• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

11 Қаңтар, 2019 Әлеумет

7 жылға сотталған жасөспірім: Мама, жыламашы, ауырып қаласың!

Сотталушының шешесі алқа билерді қолымен нұсқап "сендерге сеніп едім" деді.

Шымкенттегі Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Абай ауылында "зорланған баланың" ісі бойынша үкім шығарды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. 

"ЖЫЛАМАШЫ, АУЫРЫП ҚАЛАСЫҢ"

Қаңтардың 10-ы күні таңғы сағат онда басталған жарыссөз түстен кейін үште аяқталды. Іске төрағалық еткен судья Самиддин Темірәлиев 12 алқа бимен екі сағат кеңесіп болған соң үкімді оқыды. Шешімді айыпталушы мен оның заңды өкілі – шешесі, қорғаушысы және жәбірленуші баланың анасы тыңдады.

Судья 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы – ред.) Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде оқыған 8-сынып оқушысын Қылмыстық кодекстің 121-бабы "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер" бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Сот үкімі күшіне енген жоқ. Айыпталушы тарап апелляциялық шағым түсіруге уақыты бар.

Айыпталушыны арнайы күзет сот залынан алып кетті.

Абай

Судья үкімді оқып жатқанда сотталушының шешесі баласын құшақтап жылай бастады. "Істеген жоқсың ғой. Зорлаған жоқ қой" деп орындықты ұрып айқайлады. Сотталушы анасын жұбатпақ болған. Бірақ шешесі ұлын құшақтап, "кінәсізсің ғой, сен істемедің ғой" деп дауыс көтере жылады. "Мама, жыламашы. Ауырып қаласың" деді айыпталушы шешесін құшағына алып.

Сотталушының шешесі алқа билерді қолымен нұсқап "сендерге сеніп едім" деді. Алқа билер айқай салып жылаған әйелдің сөзін соңына дейін тыңдамай залдан шығып кетті.

Полицейлер сот залынан баланы қамауға алып кетіп бара жатқанда сотталушының анасы арттарынан жылап жүгірді. Дәлізге жеткенде есінен танып құлады. Әлдебіреу "жедел жәрдем шақырыңдар" деп айқайлады. Бетіне су шашқан соң есін жиған әйел сот дәлізінде "баламның өмірі не болады?" деп тағы жылады.

Айыпталушының әкесінің ағасы сот үкімімен келіспейтін, сот-медициналық сараптама қорытындысында "бала зорланбаған" деп жазылғанын, апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.

Сотқа "зорланған бала" қатысқан жоқ. Жәбірленушінің шешесі мен адвокаты сот үкімімен келісетінін, апелляциялық шағым түсірмейтінін жеткізді.

Жәбірленушінің нағашы әжесі Шарипа Батырбекованың айтуынша, "зорланған бала" мен оның шешесі қазір Алматыда тұрып жатыр. Бала осы қаладағы мектептердің бірінде оқиды.

СОТҚА ТҮРТКІ БОЛҒАН ОҚИҒА

​2018 жылы наурыздың 13-і күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жасар жиенін 2017 жылдың тамызынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағанын" айтқан. Ол жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын жеткізген.

 Сот

Сарыарқа аудандық білім басқарамасы "сараптама қорытындысы зорлау оқиғасының болмағанын анықтады" деп мәлімдеген. Айыпталушы мен жәбірленуші оқыған мектептің ұжымы да "бала зорлау оқиғасын" жоққа шығарған. Кейін "зорланған баланың" туыстары тәуелсіз сараптама жасауды талап еткен.

Бұл хабар әлеуметтік желіде кең тарап, ақпарат құралдарының назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырған.

Былтыр тамыз айында Қазақстан бас прокуратурасының тергеу тобы Түркістан облысы (бұрынғы – Оңтүстік Қазақстан облысы) Абай ауылында "зорланған бала" ісі бойынша 14 кешенді сот сараптамасы мен төрт түрлі зерттеу жүргізілгенін мәлімдеген.

"Төрт күдіктінің ішінде біреуі ғана 14 жасқа толған. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігіне ("Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") сәйкес келеді. Қалғандарына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Себебі олар 14 жасқа толмаған. Оқиғаның басқа мән-жайы жарияланбайды" деп хабарлаған бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Жабық сот процесі қыркүйектің 26-сы күні басталған.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір