• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Шілде, 05:25:50
Путин Зеленскийге барлық тұтқынды алмастыруды ұсынды

27 Наурыз, 2019 Әлеумет

"Енелерге қарсы күрес курсына шақырамыз"

Отбасына егемен алып, дербес өмір сүргіңіз келсе, бізге келіңіз. Біз сіздерге қашан да қол ұшын, білек күшін бере аламыз.

Сатира

Ұрыс-керіске икемі бар, дау-жанжалға жаны құмар, төбелес кезінде екі білегін сыбанып, өсек айтатын ернін шүйіріп, тікен тілін безеп, екі көзі шатынап шыға келетін «дарынды» да шалымды, болашағынан мол үміт күттіретін келіндерді «Енелерге қарсы күрес» курсына оқуға шақырамыз. Келіндердің дініне, тіліне, отау құрған жылына, жолына, жасына шек қойылмайды.

Курсқа талапкерлер тегін қабылданады. Олар стипендиямен, жатақханамен және енелерді ұрып-соғу, сабау, сондай-ақ қарсыластармен қақтығыста бронежелет секілді қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ене¬мен бірге тұрған жылдарына «за вредность» төленеді.

Сабақ кезінде олар «Шымшу», «Бет жұлу», «Тырнау», «Қайын жұрт тарихы», «Ене тебу», «Таэквон-до», «Қайныата-до», «Өсек айту негіздері», «Күйеумен еркін күрес» тақылеттес дәрістер мен спорт түрлерін меңгереді.

Қызығы мен қиындығы қатар тұратын бұл мамандықты ойдағыдай меңгеріп, өзінің түгілі, өзгенің де енесін жұлып-жеуге қабілетті болған соң, олар шетелге, яғни Америкаға, Батыс Еуропаға, Ресейге тәжірибе алмасуға жіберіледі.
Курсты Шатақ ғылымдарының докторы, профессор, «Енелерді қан кақсату» ғылым академиясының құрметті академигі, Жезтырнақ сыйлығының лауреаты Долыкүл Бетпақова жүргізеді.

Біздің заманымызға сай құрылған оқу ордамыздың демеушілері – «Абысындар алқасы», «Жас келіндер» АҚ, «Ене– кене» фирмасы, «Мыстан» ЖШС, «Бізбике бикештер» кеңесі.

Отбасына егемен алып, дербес өмір сүргіңіз келсе, бізге келіңіз. Біз сіздерге қашан да қол ұшын, білек күшін бере аламыз. 

«Жалмауыз кемпір» атындағы Мазақ академиясы

Ермахан Шайхыұлы, журналист

Ұсынған: Гүлім Жақан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір