• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
20 Тамыз, 08:53:17
Abyroikz ұлттық киімдер дүкендері желісінің басшысы: Сапалы адамнан ғана сапалы өнім шығады

28 Мамыр, 2019 NEWS

Нұр-Сұлтанда 30 отбасы далада қалуы мүмкін

Барлығын қырқыстырып қойған құрылыс компаниясы басшылары 6-8 жылға сотталып кеткен.

Елордада отызға жуық отбасы далада қалайын деп тұр. Өйткені сатып алған үйлері екінші рет заңсыз саудаланған көрінеді. Енді үйді сатып алған екі тарап бір-бірімен соттасып жүр. Оларды осылай дауластырып қойған құрылыс компаниясының басшылары болса түрмеде отыр деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

40 жыл мұғалім болып, зейнетке шыққан Роза апай Тараздағы бүкіл дүние-мүлкін сатып, елордаға ұлының қолына көшіп келген. Мына үш бөлмелі пәтерді 2016 жылдың басында толық бітпеген күйінде сатып алып, ішін түгел өздері жасатқан. Жалпы шығыны 20 миллионнан асты дейді. Үйдегі 7 адам енді рахатын көре бастағанда сау етіп біреу суыт хабар әкепті.

"Нотариус бұл үйдің бұған дейін сатылған сатылмағанын, кепілдікте тұрған тұрмағанын тексердік. Бүкіл жерден анықтамасын алды. Нотариус содан кейін бізбен келісімшарт жасады. Үйдің бірін реттеп қажетті дүние-мүлікті орын-орнына қойып отырсақ, бір күні "үй менікі" деп бір әйел келіп тұр", - дедіНұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Роза Байдуанова.

Келіп тұрған кісінің қолында 2012 жылдан бері сол пәтердің иесі екенін растайтын құжаты бар екен. Роза апай секілді опық жеп қалған "Аниса" тұрғын үй кешені тұрғындарының саны өздерінің айтуынша, 29. Бәрі де бір-бір құшақ құжат ұстап алып, пәтердің шын қожайыны екенін дәлелдей алмай жүр.

"Оның келісімшартының бірінші парағы жаңартылған. Кешіріңіздер, пәтердің құжатының бірінші бетін жыртып алған. Оның үстіне олар 2012 жылы сатып алған пәтерлерін. Сонда 2016 жылға дейін қайда жүрген", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ырысты Естияр.

Оларды соңғы 3-4 жыл қатарынан әбігерге салып отырған мына топ. Олардың айтуынша, үй жарна ретінде осы кісілердің ақшасына салынған. Бұлардың да қолдарында растайтын құжаттары жеткілікті. Үйіне төлеген миллиондары түбіртек күйінде әлі сақтаулы. Тек үй бітуге шақ қалғанда құрылыс салушы басшылар бірнеше пәтерді басқа біреулерге сатып жіберген. Сондықтан кінәні бізден емес, құрылысшылардан іздеу керек дейді.

"Бізбен соғысқа шыққан сияқты. Прокуратураға барып қайта-қайта менің үстімнен іс қозғасын деген өтініштер жазып жатыр. Бұның барлығы адамды қажытады, шаршатады. Олардың жауы мен емес қой. Мен емес олардың пәтерін екінші рет сатқан", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсел Әлиева.

Олар он адам бірігіп алып, бір адвокат жалдаған. Жалпы үй бірінші қожайындардың жарна ретінде жинаған ақшасына салынған, оны растайтын құжаттары бар дейді адвокаты. Құрылыстың мұндай түрі заңда рұқсат етілген.

"Мәмілелерді кез келген уақытта жасауға болады. Ол үйді салуға рұқсат оған қажет емес. Жер бөліну қажет емес. Өйткені, заң бойынша мұндай мәмілелер жасалып, ақша жиналады. Жерді сатып алып үйді салуға қаражат жинау үшін заң бойынша рұқсат етілген", - дейді заңгер Айман Жұмабекова. 

Осыған дейін өткен 3-4 сот шешімі үйді 2012-2013 жылдары сатып алғандардың пайдасына шешілген. Ал пәтерінен айрылғысы келмеген екінші топ енді жоғарғы сотқа бармақ.

Жалпы, "Аниса-1" - қаладағы проблемалық тұрғын үй кешендерінің қатарына жатады. Соттасып жатқан екі жақтың бірі қалай болған күнде миллиондаған ақшаға сатып алған пәтерінен айрылғалы тұр. Далада қалса салған ақшасы да көзден бұлбұл ұшады. Өйткені, оларды қырқыстырып қойған құрылыс компаниясы басшылары 6-8 жылға сотталып кеткен.

Ұсынған: Дәурен Сыбанбай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір