• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:48:33
Алматы
+35°
 

Алаш Орданың рухын еміп, Алаш туын қайта көтерген, Желтоқсанның мұзға жаққан алауынан от алған, аумалы-төкпелі кезеңде ел тәуелсіздігі үшін атылып алға шығып, елге тіреу болған, тәуелсіздік пен ұлттық тұтастық үшін орасан зор еңбек еткен, тәуелсіздігіміздің көк туын өз қолдарымен желбіреткен «Азат» азаматтық қозғалысына биыл 25 жыл толды.

"Азат" азаматтық қозғалысы - қоғамдық-саяси ұйым. Құрылтай мәжілісі Алматыда 1990 ж. 30 маусымды өткен. Басты мақсатын Халықаралық Одақтық шартпен біріккен ерікті де тәуелсіз жаңа қоғамдастық шеңберінде Қазақстанның шынайы мемлекеттік егемендігіне қол жеткізу" деп белгіледі. Қозғалыстың 14 облыстық ұйымы бар. 1990-1993 жж. аралығында "Азат"  газеті шығып тұрды. "Азат" қозғалысы Қазақстанды қазақ халқын отаршылық пен тоталитаризм зардаптарынан арылту үшін қажетті заңдардың қабылдануы, олардың дұрыс орындалуы жөнінде халыққа үндеулер таратып, үкіметке ұсыныстар жасады, сепаратистік пиғылдағы ұйымдарға тойтарыс беру, адам құқықтарын қорғау және т.б. ұлт мүддесін көздеген мәселелерді батыл көтере білді(Уикипедия ашық кітапханасынан алынды).

https://youtu.be/mUyQHZHvuZA

 2015 жылы 12 маусымда «Азат» азаматтық қозғалысының 25 жылдығына орай «Тәуелсіздіктің алдаспаны» атты шара ұйымдастырылды. Астана қаласындағы «King Hotel Astana» қонақ үйінде ұйымдастырылған жиынға Қазақстанның жер-жерінен отызға тарта делегат қатысты.

Жиналыста Қазақ тәуелсіздігінің алды-артындағы қиын-қыстау кезеңде жемісті және жүйелі түрде жұмыс істеген Азаттықтардың тарихи орны талқыланып, алдағы шаралар ақылдасылды.

Естеріңізге сала кетейік, қазақтың марқасқа тұлғалары мен отаншыл жастарының басын қосқан бұл ұйымға 1,5 миллионнан астам адам мүше болған екен (Қозғалыс жетекшілерінің бірі, марқұм Сәбетқазы Ақтайдың сөзі). Сонау 1989 жылдан бастау алатын бұл қозғалысқа ілгерінді-кейінді болып Батырхан Дәрімбет, Дулат Исабеков, Сайын Шапағатов, Дос Көшім, Сәкен Жүнісов, Мақаш Тәтімов сынды ағаларымыз ат салысқан.

1990 жылдың 30 маусымы күні «Азат» құрылтайы ашылып екі күнге созылады да Азаматтық «Азат» қозғалысының 7 тең төрағасы сайланып, Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданады. Құрылтайды 3 адам жүргізіпті: Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің бұрынғы екінші хатшысы Марат Шорманов, тарих ғылымының кандидаты Сәбетқазы Ақатаев және сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, сәулетші-құрылысшы Нұрбақыт Қойшыбеков. Жарыссөз екі күнге созылды. Жарғы бойынша азаматтар қозғалысқа тікелей де немесе өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы да мүше бола алатын болды. Құрылтайда тәуелсіз мемлекеттер конфедерациясы туралы декларацияның жобасы қабылданады. Бұл декларация бойынша Совет Одағын тәуелсіз мемлекеттердің конфедерациясы ретінде қайта құру ұсынылды. Үлкен айтыс-тартысқа негіз болған бұл декларация жобасы кейін күшті қарсылыққа ұшырайды... Құрылтайда мен мандат комиссиясының мүшесі болып сайланды. Құрылтай барысында жеті адам тең төраға болып сайланды: Михаил Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Сайын Шапағатов, Гүлжиһан Биболдинова (жұмысшы жастар қауымдасты- ғынан) және Геннадий Головастиков (Демократиялық Одақ партиясының өкілі). Мардан Байділдаев пен Мақаш Тәтімов Ақсақалдар Кеңесін басқаратын болды. Сәкен Жүнісов пен Дулат Исабековтерге «Азат» газетін шығару тапсырылған еді. 40-қа жуық азамат үйлестіру кеңесінің мүшесі болып сайланды. Батыс Аймаққа Серік Ерғали, Солтүстік Аймаққа Қажыбай Қабул үйлестіруші болып тағайындалып, ол сол өңірлерде қозғалыс бөлімдерін құруға атсалысты.

Дос Көшім: «Азат» қозғалысы өзінің алға қойған міндетін орындады. Тәуелсіздік жолындағы өз алға қойған міндеттерін орындап болған соң, жұмысын тоқтатуы заңды құбылыс. Біз билікке жетуді мақсат тұтпадық. Менің есебімше сол кезде, бір Қызылорданың өзінен 37 мың адам қозғалысқа мүше болып кірді. Солай есептегенде қозғалысқа кемі жарты миллионнан астам адам мүше болды. Міне бұл керемет күш болды. Саяси элитаның қалыптасуына негіз болды».

Сағат Жүсіп: «Биыл 25 жылдығын атап өтіп жатқан "Азат" қозғалысы - белгілі бір атақты саяси жетекшінің немесе харизмасы бар көсемнің айналасына топтасқан ұйым емес еді. "Азат" - қазақтың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне ұмтылған, осы идея төңірегіне бас қосқан орта буын, орта қызметтегі, орта шен-дәрежедегі, өздерін ақсүйек санамайтын (бастықсымақтарға қарсы күресті) қауымның ұл-қыздарының ұйымы болды."Азат" өз қайраткерлерін өзі дайындады, өзі өсірді. Олар "Азаттың" басшысы кетіп қалды, жұмысы тоқтады демеді. Әркім өз облысында, ауданында, ауылында 25 жыл бойы "Азаттың" идеясы жолында жұмыс атқарып, ұйымның жұмысын жалғастырып келеді. Нәтижесінде көпшілігі Азаматқа, Тұлғаға айналды».

Жиналыс соңында сөз алғандар түрлі ұсыныс тастады. Мәселен, Семей делегациясының басшысы Рахат Алтай «Азат» қозғалысының Ардагерлер Кеңесін құрып, оған басшылыққа Серік Ерғалиды ұсынды. Ал, экономист-ғалым Орақ Әлиев бұл іргелі тарихи қозғалысқа арнайы ғылыми конференция ұйымдастырып, жан-жақты зерттеуді ұсынды.

Ақмолалық азаткер Жангелді Шымшықов: «Біз бостан босқа тарамауымыз керек, қозғалыстың да, Алашорда қайраткерлерінің де тарихы ұрланып-жырланып жатыр. Әркім әрі тартып, бері тартып, беттері бүлк етпестен Азаттық ардагерлері болып жүр... Тәуелсіздікке қаншама еңбегіміз сіңсе де, оның он жылдығында да, жиырма жылдығында да билік селт етпестен бізді шетке қалдырды.

25 жылдық шараны ұйымдастырған қозғалыс ардагері Серік Ерғали  қорыта сөйлеген сөзінде «Бұдан әрі не істеу керектігін, Ардагерлер кеңесі ме, болмаса Ардагерлер клубы ма, қайткенде де өмірлік тәжірибе мен өнегемізді жас ұрпаққа сіңіретіндей алқа керек болады. Оны әлі де ақылдасып шешкеніміз жөн болар. Мәлімдеме мәтінін әзірлеп, талқылау үшін жөнелтеміз» деді.

Азаттық қарлығашы болған «Азат» қозғалысының ардагерлері қанаттанып тарасты. Біз де олардың бұл қуаттарынан әлденеге үміттенумен өңірлерге ұзатып салдық.

Бейсен Ахметұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір