26 Маусым, 2019
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен сарбазға кәсіпкер қомақты қаржы берді
Азамат екен! Кәсіпкер қалтасына сүңгіткен бума ақшаны ел игілігіне жұмсамақ.
Арыстағы бейнежазба арқылы танымал болған 27 жастағы Исатай Әлібаев ата-анасына жолдаған бейнежазбадан соң белгісіз кәсіпкер қомақты қаржы бергенін айтады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Ол бұл ақшаны арыстық тұрғындарға бермекші
Сарбаздың айтуынша, ол кәсіпкерді көшеде кездестірген. Тұрғындарды эвакуациялауға көмектескені үшін алғыс білдіріп, қолына бір бума он мыңдықтарды ұстатқан. Алайда Исатай Әлібаев күтпеген сыйлықтан бас тартқанымен, кәсіпкер оның ісімен мақтан тұтатынын айтып, қалтасына салыпты.
"Бұл өте қомақты қаржы, санамадым, бірақ 100 мың теңгенің айналасында. Тіпті, одан да көп болуы мүмкін. Мен бұл ақшаны алғым келмеді. Бірақ ол айтқанынан қайтпады: "Сен жарадың. Мен сені мақтан тұтамын!" - деді де, қолымды алып, құшақтады.
"Мен тек өз әскери міндетімді орындадым. Менің орнымда кез-келген адам осылай жасап еді. Бұл ақшаны Арыс қаласының тұрғындарына беремін. Олардың көбісінің үйлері түгелдей қирап қалған.
Сондай-ақ, барша қазақстандықтарды Арыс жұртына қаражат жинауға шақырамын.Кім қанша бере алады, мейлі 50, 100, 200 теңге болсын және азық-түлік, киім-кешекпен болсын. Оларға әрбір көмегіміз қажет", - дейді Исатай Әлібаев.
Бұған дейін атышулы бейне кейіпкері ТЖ кезінде неге бейнежазба түсіргенін айтты. Ол бірнеше метр қашықтықта снарядтар жарыла бастаған кезде "өлеміз" деп ойлап, соңғы және жалғыз тілегі ата-анасын қалай жақсы көретінін айту болған. Бірақ содан кейін өз-өзін қолға алып, оқиға маңында қалған азаматтық адамдарды құтқаруды жалғастырды.
Естеріңізге сала кетейік, 24-маусымда Түркістан облысының Арыс қаласында төтенше жағдай орын алған болатын. Тұрғындар өз үйлерін тастап қашқан. Қазіргі уақытта қала бос тұр.
Арыс тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинауды Алматыда қоғамдық қозғалыстардың белсенділері бастаған болатын. Сондай-ақ, Nur Otan көмек жинау мекен-жайын жариялады. Қарағанды облысының партия мүшелері бірінші болып үн қосты. Кеше Арыс қаласына азық-түлік өнімдері, киім-кешек, жеке бас гигиенасы заттары және алғашқы қажеттілік заттары бар 10 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді.
Twitter-де Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс тұрғындарына көмек көрсеткені үшін қазақстандықтарға алғысын білдірді. Мемлекет басшысы барлық еріктілерге алғысын білдіріп, Арыс қаласын қалпына келтіретінін, ал мемлекет тұрғындарға көмектесетінін атап өтті.
Аударған: Ақжібек Аралбек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір