31 Шілде, 2019 Экономика
Теңгеге бір емес үш жақтан қысым түсіп тұр
Қазақстан нарығында кешелі бері бір доллардың құны 385 теңгеден асып тұр. Ал енді теңгені қашанға дейін қалыпты ұстауға болады? Сараптап көрдік....
Мамандардың пайымынша, қазір теңгеге үш жақтан қысым түсіп тұр. Әлемдік нарықтағы құбылмалы мұнай бағасы, Ресей нарығындағы рубльдің төмендеуі, долларға деген сұраныстың артуы теңгенің құнсыздануына жол ашып отыр.
Бұған қатысты мамандар:
«Қазір көрші Ресей елінде де рубльдің құнсызданып тұрған тұсы. Деңгейі қырғыздың сомынан да төмендеп қалған Ресей рубльінің бұлайша арзандауы Ресеймен экономикалық серіктес елдерге де жеңіл тиіп тұрған жоқ. Келтірілген деректерге сүйенсек, 2019 жылдың соңына қарай бұрынғы Кеңес одағына мүше елдердің бірқатары бір ғана рубльдің құнсыздануынан 10 миллиард долларға дейін шығын көреді. Өйткені Армения, Грузия, Украина, Өзбекстан Қазақстан тәрізді елдер Ресеймен арадағы қаражат аударымдарына тәуелді», - дейді.
Жалпы, 2019 жыл басталғалы Ресей рубльі еңсе тіктей алар емес. Рубльдің күннен күнге құнын жоғалтып жатқанына қатысты қазірде экономист-сарапшылар тым алаңдап отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Ресей валютасының бұлайша құнсыздануы теңгеге әсер етпей қоймайды. «Сондықтан біз үшін қазір қажеттісі рубльдің еңсе тіктеуі» дейді сарапшылар. Бұл ретте экономист-сарапшы, Марал Төртенова: «Ресейдің Орталық банкіне рубльді тежеп ұстап тұру арзанға соғып тұрған жоқ. Біздің экономикамыз Ресейге байланып тұрғандықтан бұл жерде Ресейдің валютасының құнсыздануы бізге әсер етпейді деуге негіз жоқ. Әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын қалыпты ұстап тұра алады. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Біздің экономикамыз тікелей мұнайдан түсетін түсіммен толығып отырғандықтан бұл жерде біз әлемдік мұнай бағасына қатысты, елге тартылып жатқан инвестицияларға қатысты да болжам жасағанымыз абзал. Егер болашақта мұнайдан түсетін түсім артса теңге бағамы да нығаймақ» дейді. Ресей рубльінен бөлек мұнайдан түсетін түсімге қатысты мынадай болжамдар жасауға болады: А) Бірінші, пессимистік сценарий. Егер 2019-2020 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 40 АҚШ долларына дейін төмендеп, ахуал қиындай түсетін болса, бізге мұндай жағдайға да дайын болу керек. Онда биылғы жылдың көктеміне жетпей теңгенің бағамы күрт төмендеп тағы бір девальвация орын алады. Қазақта «жаман айтпай жақсы жоқ» деген нақыл бар емес пе? Даму жолына бет бұрған біздің еліміз қазірде бұл бағыт бойынша да жоспарлар құрып, біршама істер атқару керек. Ә) Екінші, консервативтік базалық сценарий. Егер 2019-2020 жылдар аралығында әлемдік нарықтағы мұнай бағамы 60-70 АҚШ долларын құрайтын болса, біз орташа базалық бағытпен жүруді ойластыруымыз қажет. Мұндай сәтте әлемдегі шикізат көзінің бағамы 10 пайызға өсім береді деп күтілуде . Бұл болжам да жағдайды орташа қалыпта ұстап тұрады. Б) Үшіншісі, оптимистік сценарий. Бұл жағдайда әлемдік нарықта мұнай бағамы 85-90 АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Ал мұндай сценарий орын алса біздің экономикалық әлеуетіміз одан әрі қарқынды бола түспек. Себебі бұл ретте әлемдік шикізат көздерінің құны 20-25 пайызға дейін өсім береді.
Әрине, біз үшін ең қолайлысы осы оптимистік болжам болып тұрғаны даусыз. Мұндай батыл болжамдарға халықтың да іші жыли түсетіні рас. Сондай-ақ мамандар біздің елімізге енетін инвестиция әлеуеті төмендемегенін, керісінше, елде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отырғанын алға тартуда. Мамандарымыз «бұл мәселе де теңгенің бағамын осы қалыпта ұстап тұруға ықпал етеді» деседі. Дегенмен, біз қазір азуы айды білеген Қытай елінен бастап бірқатар Еуропа елдері әлдеқандай заман болса абдырап қалмауға дайындық жасап жатқанын естен шығармағанымыз жөн. Біз негізінен Қытай мен Ресейді Қазақстанның сыртқы саудадағы басты әріптестері деп білеміз. Қытай елі бүгінде әлем халқына аждаһадай көрінген қаржылық дағдарыс келе қалса оған төтеп беру үшін барын салып сақтанып жатыр. Ресейдегі жағдай бізге белгілі. Ал осы тұста «біз де қарап қалмауымыз қажет», - дейді мамандар.
Бұл ретте экономист-ғалым, Жұмаділда Баяхметов: «Жалпы, теңге бағамын қалыпты ұстап тұру үшін долларға тәуелділіктен арылуымыз керек. Ал біздің алтын-валюта қорының 40 пайызы доллармен жинақталып отырғанын ескерсек, бұл жерде сақтық шараларын қарастырмауға тағы болмайды. Рубльдің күн санап құнсыздануы екі ел арасындағы саудаға кері әсерін тигізіп, бізге түсетін түсім көлемі азаяды. Экономиканың ырғақты өсу негізін инвестициялар легі құрайтыны даусыз. Рас, инвестициялар тасқыны келіп жатыр, бірақ біз отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандырмай долларға тәуелділіктен құтыла алмаймыз. Ендеше болашақта теңгеміз жыл өткен сайын құнсыздана түспесін десек, отандық өндірісті дамытуға барынша күш салғанымыз абзал. Рас, әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұра алады. Дегенмен келер жыл басынан-ақ шикізат бағасының түсіп, экспорттан түсетін түсімнің азайғанын ескерсек, бұл-біздің алтын-валюта қорымызға қауп төндіретін жайт. Естеріңізде болса, 1998 жылы Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұруы үшін екі айда 2,5 млрд доллардан астам қаржы жұмсап жіберді. Сондықтан болашақта бұл ретте алғышарттарды қарастыру керек. Көрші Ресейде болып жатқан экономикалық тұралаудың салқыны бізге бәрібір өз әсерін береді. Демек үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта қарастыру керек. Бұған қатысты отандық өндірісті қолдаудың жаңа шарттары түзілгені жөн. Себебі қазірде Ресей үшін сыртқы инвестицияның тиімсіз екені нақты белгілі болды. Ресейден инвестициялар легі қашып жатыр. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Сырттан келген инвестиция қанша жерден тиімді дегенмен, оның қауіптілігі де бар. Сондықтан әлдеқандай заман туғанда инвестиция сыртқа ыдырай қашпауы үшін отандық өндірісті қолдауға барынша назар аударуымыз керек. Доллардан арылуға да, теңгенің бағамын қалыпты ұстауға да, түсімді арттыруға да ықпал ететін бірден-бір фактор осы», - деді.
Қарлығаш Зарыққанқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір