• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 14:03:31
Алматы
+35°

09 Қыркүйек, 2019 Экономика

Зейнетақыны қайтару. "Бұл жоба олиграхтардың мүддесін күйттей ме деп күмәнданамын"

Егер болашақта қаржы саласындағы салалық дағдару салқыны сезілсе, зейнетақы қорындағы ақша, көбеюдің орнына кеміп, бар-жоғы 45 пайызы ғана қалуы мүмкін.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғам диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында бірқатар әлеуметтік-экономикалық идеяларды жүзеге асыру керектігін айтты. Соның ішінде елді елеңдеткен мәселенің бірі – халықтың жинақтаған зейнетақысын өзіне қайтару жобасы. Қарапайым халықтың бір парасы осы жобадан әжептәуір үміт күтіп отыр.

Мемлекет басшысының "жұмыс істейтін азаматтарға өздерінің зейнетақысының бір бөлігін белгілі бір мақсатта, баспана алу үшін немесе білім алу үшін пайдалануға беру мәселесін жыл соңына дейін шешуді тапсырамын" деп Үкіметке нақты тапсырма бергені белгілі. Ал енді осы зейнетақыны қайтару жобасы ұтымды ма, әлде күмәнді ме? Тарқатып көрелік...

"Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қоры" АҚ деректеріне сүйенсек, аталмыш қорда 10 млн 517 мың­нан астам адамның атына есепшот ашылған. Қазір қорда 10 трлн 166 млрд 570 млн теңге көлемінде қаржы жинақталып тұр. Дегенмен осы 10 млн салымшының 68 пайызы немесе 6,8 млн адамның зейнетақы қорында 1 млн теңгеге жетпейтін қаржы бар екенін ескерсек, 1 млн теңгеге  баспана келмейтінін, бұл сомаға жоғары оқу орындарына түссе, көңілдегідей білім де ала алмайтынымызды ұмытпаған жөн. Бұған қатысты мамандар "жинақтаған қаржыны қайтарып алғаннан гөрі, оны әрі қарай жинақтаған тиімді" деп отыр. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусин:

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың 68 пайызының немесе 6 млн 800 мыңнан астам адамның жиған-тергені 1 млн теңгеден аз, 26 пайызының немесе 2,6 млн адамның жинағаны 1 млн-нан 5 млн теңгеге дейін ғана. Жинақтаушы зейнетақы қорына 20 жыл бойы қаржы аударып келе жатқан азаматтардың ішінде әйелдер орта есеппен 3,5 млн, ерлер 5 млн теңге жинайды. Ал қордағы қаржысы жоғары деңгейге жеткен азаматтардың саны саны шамамен 100 мыңдай болады. Сонда қазір жинақтаушы зейнетақы қорында жинақтаған қаржысы 10,5 млн теңгеден асатындардың саны 100 мың адам болады. Өз басым, "бұл жоба жоғары жалақы алатын шенеуніктердің, олиграхтардың күйісін күйттей ме" деп күмәнданамын. Себебі, қарапайым халықтың жинаған зейнетақысы баспананың бағасына, көліктің бағасына, тіпті оқудың ақысына да жептейді. Біздің елде бір бөлмелі баспана алу үшін кем дегенде 10 млн теңге қаржың болуы керек. Мұндайда өзінен-өзі "жоба тек қалталылардың пайдасына шешіліп кетер ме екен, мүмкін, бұл расымен де қалталы азаматтардың қаржысын инфляция жеп қоймауы үшін жасалуы да ғажап емес" деген ой туындайды. Сондықтан бұл арада Үкіметке әлі де ойлану керек", – дейді. Сөйтіп, қаржыгердің пайымдауынша, бұл жоба қарапайым халыққа аса тиімді бола қоймайды. Себебі зейнетақы қорына 20 жылдың ішінде 8-10 млн теңге жинау үшін әр адам шамамен 400 мыңдай жалақы алуы керек. "Ал біздегі орташа айлық мөлшері 160 мың теңгенің көлемінде екенін ескерсек, онда қарапайым халыққа зейнетақы қорына 10 млн теңге жинауы үшін шамамен 40 жылдай уақыт қажет. Сондықтан жинақтаушы қорында 2-3-4 млн теңгесі бар қауым зейнетақыны қайтару жобасынан үміттенбей-ақ қойса болады" дейді маман.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, зейнетақы қайтару жобасы бірқатар елдерде сәтті жүзеге асып келеді. Мысалы, Еуропа елдерінде Малайзияда, Израильде, Польшада, Италияда бұл жоба өте ұтымды жүзеге асып отыр. Мәселен, Малайзия елінде адам қажылыққа барғысы келсе, оны зейнетақы қоры төлеп бере алады. Сондай-ақ Польшада жасы 45-ке келген азамат үй алғысы келсе, ипотекалық несиеге кірмей, зейнетақы қорынан көмек сұрап, қажетті қаржысын ала алады. Бірақ мамандар Қазақстандағы жағдайды Еуропамен салыстыруға келмейтінін алға тартты.

"Мысал етсек, немістің қариясы айына 984 еуро зейнетақы алады. Ал финдік қариялар 1,3 мың еуро көлеміндегі қаржы зейнетақы алса, Голландияда төменгі зейнетақы көлемі 3,2 мың еуроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердің қариялары бірінші, жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен, екінші, кәсіпорындық зейнетақы қорынан, үшінші мемлекет бюджет есебінен зейнетақы алады. Демек, бұл дегеніңіз – аталмыш елдердің өз қарттарына үш жүйе бойынша зейнетақы қорына қаржы аударады. Осыдан кейін олардың зейнетақы салымы тез әрі қомақты жиналады. Сондықтан да Еуропада зейнетақыны қайтарып алу жобасы сәтті жүзеге асқан", – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов

Ал біздегі жағдаймен салыстырар болсақ, мамандардың пайымынша, егер болашақта қаржы саласындағы салалық дағдару салқыны сезілсе, халықтан зейнетақы қорына жиналған ақша, көбеюдің орнына кеміп, бар-жоғы 45 пайызы ғана қалуы мүмкін. Бұл халық арасында зейнетақы жинақтаушы жүйесіне деген сенімсіздікті тудырады.

"Бұл жерде бізге белгілісі қорда біздің жиналған қаржымыз өз кезегінде көбейіп, табыс әкелудің орнына, жылдан-жылға кеміп барады. Мұндай жағдай жалғаса берсе, ертеңгі күні талай жыл жинаған ақшамыздың құны бір бөлке нанға ғана татып қалуы мүмкін. Дегенмен, еліміздегі қолданыстағы заң бойынша егер біз ақшамызды салып жүрген зейнетақы қоры банкротқа ұшырап қалса, мемлекет қаржымызды өтеп беруі тиіс.  Десек те қазақстандық зейнетақы жүйесіне қатысты тыңнан түрен салатын реформа керек. Мәселен, бүгіндері жинақталған зейнетақы активтерінің 45 пайызы – мемлекеттік бағалы қағаздарға, 15 пайызы – шетелдік мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарға, 32 пайызы – қазақстандық ұйымдардың қағазына, ал тек 5 пайызы депозиттерге салынған. Алайда одан түсетін табыс еліміздің инфляция көрсеткішінен де төмен. Осыған орай айтарым  Президенттің зейнетақыны қайтару жобасы әзірге тек қалталы адамдар үшін ғана тиімдірек. Зейнетақысы көп жинақталған адамдардың қорындағы ақша құнсызданып кетпеуі үшін бұл жоба тиімді. Дегенмен бұл арада қарапайым халыққа тиімді тың механизмдер ойластыру керек. Үкімет бұл арада халықтың әл-ауқатына қарап бір тиімді дүние ойластырады деген үміт те жоқ емес", – дейді Жұмаділда Баяхметов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір