• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:59:52
Алматы
+35°

Жуалы ауданында бірнеше пәтер тонауға қатысы бар баукеспе қолға түсті. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов мәлімдеді.

Ауданның бас полицейінің айтуы бойынша, өткен жылмен салыстырғанда, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамының жедел әрекет етуінің арқасында биылғы жылы ауданда бөтеннің мүлкін ұрлау, соның ішінде мал және пәтер ұрлығы азайып, ашылу көрсеткіші де біршама жақсарып отыр екен.

– Аудандық полиция бөлімінде жыл басынан бері 21 пәтер ұрлығы дерегі тіркелсе, өткен тоғыз айдың ішінде оның 16-сы ашылды. Бұл деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, бөлім қызметкерлері тарапынан жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Соның нәтижесінде міне, таяуда күдікті Т. есімді азамат құрықталды. Бүгінгі таңда оның алты бірдей пәтер ұрлығына қатысы бар екені белгілі болды. Айта кетерлігі, ол қылмыстың осы түрімен бұған дейін де айналысып, сотты болған. Келтірілген бұлтартпас дәлелдердің арқасында ол пәтер ұрлығына қатысы барын мойындады. Қазір ол қамауға алынды. ҚР ҚК 188-бабымен («Ұрлық») қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді М. Қойкенов.

Ауданда өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда мал ұрлығы деңгейі де екі есеге дерлік төмендеген. Мәселен, 2018 жылдың тоғыз айында мал ұрлығы 27 деректі құраса, биылғы жыл басынан бері 13 дерек тіркеліп, бүгінде оның тең жартысы ашылған. Қалған деректердің ашылуымен жұмыстар жүргізілуде екен.

Көрсеткіштердің жоғарылауына тәртіп сақшыларының техникалық базасының жақсаруы сеп болып отыр екен. Атап айтқанда, облыстық полиция департаменті мен аудан әкімдігінің қолдауымен биыл жазда барлық ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторлары көлікті болған. Оларға 15 дана су жаңа «Нива» маркілі қызметтік автокөлік берілді, қызметтік үй-жайлары тиісті талаптарға сәйкестікке келтірілуде.

– Одан бөлек, полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысын ақпараттық қолдау мақсатында және жұмыста қолдану үшін облыстық полиция департаменті алты қызметтік планшет берді. Бұл құрылғылар әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда, хаттаманы сол жерде толтырып, құқық бұзушы азаматқа бұрын-соңды хаттама жазылғанын тексере алады. Осы планшетке қоса алдағы 2020 жылғы аудан бюджетіне әр полиция инспекторларына кеудесіне тағып жүретін шағын түсіру камерасын алдыру жоспарлануда. Бұл камера да қылмысты немесе әкімшілік құқық бұзушылық фактісін жедел тіркеп, даулы мәселелер туындаған жағдайда таптырмас айғақ құралы болмақ, – дейді полиция бөлімінің бастығы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір