• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
07 Желтоқсан, 05:00:58
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

20 Қазан, 2019 Аймақтар

"Қаралмада" демалатын күн жақын

Табиғаты көрікті Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының Шақпақ ауылдық округіндегі Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының үстіндегі тау бөктерінде «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы өткен жылдың жазында басталған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған демалыс аймағында облыс тұрғындары мен қонақтары биылдың өзінде-ақ демалуға мүмкіндік алады.

Жобалық құны 3 млрд 355 млн теңгені құрайтын туристік аймақ «Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы кешеннің құрылысына 274 га жер телімі бөлінген. Бүгінде тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауыз су, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстарының дені орындалған. Ауылға кіреберістен солға қарай тау бөктеріне дейін көсілген кең жолақты автожолдың құрылысы аяқталуға жақын. Оны тараздық «Айя-Сервис» ЖШС салып жатыр. Дәл қазір тікелей база орналасатын тау бөктерінде бой көтеретін коттедждер қалашығында құрылыс жұмыстары қызу қарқын алып отыр. 17 коттедждің іргетасы орны қазылып, құйылуда. Кейбір коттеждердің қабырғасы қаланып, төбесі жабылып жатыр.

Демалыс аймағында кәсіби деңгейдегі сырғанау жолдары жасалып, заманауи үлгідегі аспалы жол теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікке таудың ұшар басына дейін орнатылатын болады. Оған қажетті жабдықтардың барлығы толығымен жеткізілген.

Қары қалың, қысы ұзаққа созылатын ауданның табиғаты жыл он екі ай бойына туристерді тартуға таптырмайтын орын. Тек ауа райы ғана емес, логистикалық жағынан да тиімді аймақ. Бұл жер көршілес жатқан Жамбыл және Түркістан облыстарының қақ ортасында, халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінен де қол созым жерде тұр. Бұл туристердің жол-жөнекей соғып, емін-еркін демалып кетуіне мүмкіндік береді.

Тау-шаңғы кешені еуропалық стандарттарға сай салынуда. Ол іске қосылғанда тәулігіне үш мыңға дейін саяхатшыны қабылдайтын болады. Мұнда туристерге барлық спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтері көрсетіледі. Олар қолжетімді бағаға сапалы қызмет алып қана қоймай, таудың жұпар саф ауасымен тыныстап, жан қалауына сай демалатын болады. Қонақүйлер мен мейрамханалардың есігі айқара ашылады.

Тау шатқалындағы жұмыстар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жалғасады. Жоспар бойынша кешеннің құрылысы желтоқсан айына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.

Облыстық туризм басқармасы жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдегі ішкі және кіру туризмінен туристік ағым орта есеппен 45 000 туриске көбейеді деп болжамдап отыр.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір