ҚР Статистика комитеті 2019 жыл қорытындылары бойынша медиандық (жұмысқа қабілетті тұрғындардың жартысы аратын жалақы) және модалдық (жұмысқа қабілетті тұрғындар арасында көп кездесетін жалақы) деректерді жариялады.

Ranking.kz сайтының жазуынша, жұмысқа қабілетті қазақстандықтардың жартысы, яғни, 3,3 млн адам 112,2 теңге жалақы алады. Бір жылда медиандық жалақы 5,6 пайызға (5,9 мың теңге), қымбатшылық 5,4 пайызға артқан.

Елдегі орташа жалақы – 203,9 мың теңге. Бұл сома медиандық жалақыдан шамамен екі есеге артық.

Орташа жалақы мен медиандық жалақының алшақтығы үлкен болған сайын, еңбекақы теңсіздігі мен төменгі жалақы алатындар үлесі жоғарырақ болады.

Орташа жалақы мен оның динамикалық өсімі негізінен жоғары жалақылы қызметкерлер есебінен жасалып, солардың есебінен өседі. Алайда ол қызметкерлер жалақысы тұрғындардың көп бөлігі алатын медиандық жалақыға әсер етпейді.  

2019 жылдың соңғы тоқсанындағы көрсеткішке сенсек, Нұр-Сұлтандағы орташа жалақы 308,1 мың теңге, ал медиандық жалақы 48 пайызға төмен, яғни, 157 мың теңге. Алматыдағы орташа жалақы 248,7 мың теңге, медиандық жалақы 141,4 мың теңге көлемінде.

Статистика комитетінің дерегінше, модалдық жалақы ел бойынша 58 034 теңге шамасында.