19 Маусым, 2020 Тарих

Қазақы шапанның қасиеті

Ашық дереккөз

Мектептегі тәрбие сабағында қазағымның ұлттық киімі туралы сөз қозғаған кезде рухани ұстазым, Баян апайымның балалық шағы туралы естелігі есіме түсті. Ол 1945 жылы Талдықорған облысы, Сарқанд ауданында туған. Әулетінде жалғыз қыз болғандықтан, атасы еркелетіп өсіреді. Сонымен қатар атасы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, 5 жасынан атқа отырғызып, домбыра үйретіп, ән-күй тыңдатып, халқымыздың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын айтып отыратын.

Бірінші сыныпқа атасы өзі ертіп барады да, сынып жетекшісіне былай деп табыстайды: 

- Шырағым, мына баланың киімі мен ішер тамағына көз қырыңды салып жүр. Бөтеннің қолынан ас ішпесін, сабақта тақиясын шешпей отырсын! Үзілісте ойын баласы жүріп-тұрып тамақтанбасын, әжесі салып берген айран мен таба нанды тек отырып ішсін.

Апайым күнделікті сабаққа қос етекті қазақи көйлек, сыртынан теңгелер, маржан, көз моншақ қадалған көкірекше, аяғына былғарыдан тігілген саптама етік киіп барады. Басында жылы күндері жұқа матадан тігілген оймақтай қызылды-жасылды тақия, қыста үкілі бөрік киетін.

Бастауышты бітіріп, орта буынға ауысқанда директордың орынбасары мен директор апайыма бірыңғай мектеп форманы киюді жайлап айта бастайды (қаҺарлы атасына айтуға қаймығады). Жыл бойы оқушы қызға ескерте отырып, Кеңес өкіметі ақыры атамызды жеңіп шығады.

1955 жылы 6-шы сыныпқа көшкенде немересі жыларман болып, мектеп формасын алдыртады.
Апайым қос етек көйлек пен тақияны тек 30 күн оразада, айт күндері және наурыз мерекелерінде киетін болған.

Біз осы шапанның қадір-қасиетін түсіне бермейміз. Кім көрінгенге сыйға беріп жатамыз. Шапанды аса қадірменді, сыйлы, бетке ұстар ақсақал, ағаларымыздың иығына жабатын салтымызды бұзған сияқтымыз. Шапанның да киесі бар ғой!..

Өткенде бір ректор ағамыз ренішін жазып жатыр: тәжірибемен алмасу мақсатында бір топ қазақ ректорлары АҚШ-қа барады. Жергілікті университеттің басшысы кешке үйіне қонақ асқа шақырады. Қол жуатын бөлмеге кіргенде, дәретханасы мен дәлізі бірге орналасқан жерде ұлттық өрнек салынған қымбат қазақтың шапанын көреді де көңілі түсіп кетеді (америкалық әріптесі елге келгенде қошеметтеп кигізген шапан).

Қазақтың шапаның қастерлеп таза жерге ілуші еді. Қазақтың киімін шетелдікке сыйға тартудың қажеті жоқ. Олар оның қадірін де түсінбейді, не кимейді де.
Қазақи киімде ұлттық код деген болды. Біз сол ұлттық кодтан айырылып қалмауымыз керек!

Майра Айжарықова

Ілмек сөздер: Қазақы шапан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір