• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 00:59:03
Алматы
+12°

12 Шілде, 2020 NEWS

"Қазақстан вирусы" деп мәлімдеме жасаған Қытай елшісі жазалана ма?

Қытай елшісі Чжан Сяодың Қазақстан мемлекетін, Қазақстан азаматтарын қорлайтын мәлімдемелері мен сес көрсетулері қашанға дейін жалғаспақ? Мұндай дипломатиялық нормаларға сай келмейтін әрекеттер жасайтын елшілерге шара қолданатын құзырлы орындар бар ма?

Суретте: Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяо

Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяо жазалана ма?

1. Ол елде таралған пневмонияны "Қазақстан вирусы" деп мәлімдеме таратты.

2. "Қазақстанды Қытайға қашан қосамыз?" деген даулы мақалаға қатысты 14 сәуір күні Қазақстан Республикасы Қытай мемлекетіне наразылық нота жолдаған. Ол көптеген БАҚ-тарда жарияланған. Көп өтпей елші Чжан Сяо "Қытай ешқандай санкциялар мен ноталардан қорықпайды" деп мәлімдеді.

3. Елші ешқандай БАҚ-тарда жарияланбаған Қазақстан мемлекетіне жағымсыз дипломатиялық ақпараттарды өз Facebook парақшасында жариялап тұрады. 

Мысалы, 14 сәуір күнгі Қазақстанның наразылық нотасынан төрт күннен кейін, 18 сәуір күні Қытай елшісі Чжан Сяо Facebook парақшасында Қытайдың Қазақстанға қайтарма нота жолдағанын айтып, пост жариялаған. Алайда ол ешқандай БАҚ-тарда жарық көрмеген. Бұл да Чжан Сяодың Қазақстан мемлекетіне сес көрсетуіне ұқсайды.

4. Чжан Сяо Қазақстан Республикасында орналасқан елшілікте жұмыс жасай тұра, өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ешқандай мемлекеттің атын атамай, сес көрсетіп, аяусыз айыптап, жазбалар жариялап тұрады.

5. 1991 жылдан кейін демократиялық жолды таңдаған Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғам белсенділеріне, Қазақстан азаматтарына "Менің күлкім келеді...сіздердің естеріңіз дұрыс па? деген сауалды қойғым келеді" деген сияқты дөрекі, дипломатияға сай емес мәлімдемелер жасаған.

 

 

Осыған дейін Қазақстандағы Қытай елшілігі елде таралған пневмонияны "Қазақстан вирусы" деп атап, мәлімдеме жасаған болатын. 

Елшілік "Қазақстанда өлім көрсеткіші коронавирустан да жоғары, қауіпті вирус пайда болды" деген мәлімдеме жариялаған кезде, елде таралған індетті "қазақстандық пневмония вирусы" деп атаған.

Көп өтпей Қытай елшілігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап, шетелдік ірі басылымдар "Қазақстанда қауіпті жаңа вирус тарады" деген мазмұнда ақпараттарды жарыса жариялаған.

Ағылшын тілінде шығатын қытайлық Global Times басылымының ақпаратынша, елшіліктің мәлімдемесінен кейін кейбір қытайлық сарапшылар пневмонияның Қытайға таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдау керек екенін айтып, Қазақстан мен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңның шектесетінін ескерткен. 

Алайда, Қытай елшісінің бұл мәлімдемесінен кейін, шетелдік эпидемиологтар мен қазақстандық медицина мамандары таралған дерттің "Қазақстан вирусы" емес, COVID-19 деп тұжырымдайтынын жариялады. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұма күні бұл "белгісіз пневмонияны" анықталмаған коронавирус деп санайтындарын мәлімдеді.

Ал, ұлыбританиялық Daily Mail басылымының дерегінше, Қытай елшілігінің пневмонияны не себепті олай атауы белгісіз. 

"Қазақстан вирусы" деген мәлімдемеден басқа, бұған дейін Қазақстандағы Қытай елшісі көптеген ерсі әрекеттерімен көзге түскен. 

"Қазақстанды Қытайға қашан қосамыз?" деген мақалаға қатысты 14 сәуір күні Қазақстан Республикасы Қытай мемлекетіне наразылық нота жолдаған. Көп өтпей Қытай елшісі Чжан Сяо "Қытай ешқандай санкциялар мен ноталардан қорықпайды" деп мәлімдеген.  Елші мұны АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоға қарата айтқан сияқты болғанымен, бұл мәлімдеменің Қазақстанның Қытайға дипломатиялық нотасынан көп өтпей айтылуы Чжан Сяодың Қазақстанға көрсеткен сесіне ұқсайды.

Оған қоса, елші ешқандай БАҚ-тарда жарияланбаған Қазақстан мемлекетіне жағымсыз дипломатиялық ақпараттарды өз Facebook парақшасында жариялап тұрады. 

Мысалы, 14 сәуір күнгі Қазақстанның наразылық нотасынан төрт күннен кейін, 18 сәуір күні Қытай елшісі Чжан Сяо Facebook парақшасында Қытайдың Қазақстанға қайтарма нота жолдағанын айтып, пост жариялаған. Алайда ол ешқандай БАҚ-тарда жарық көрмеген. Бұл да Қазақстан мемлекетіне сес көрсетуге ұқсайды.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын блогер елші өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ешқандай елдің атын атамай, сес көрсетіп, аяусыз айыптап, жазба жариялап тұрады. Осыған байланысты, қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының да наразылығы күшті, себебі, Қазақстанда тұратын елшінің ашты мәлімдемелері мен сес көрсетулері Қазақ мемлекетіне айтылып жатқаны әлде, басқа елге арналғаны анық емес. Елшінің ресми парақшасындағы жазбаның әдейі немесе еріксіз солай жазылатыны тіпті белгісіз.

Ал, 1991 жылдан кейін демократиялық жолды таңдаған Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғам белсенділеріне, Қазақстан азаматтарына Қытай елшісі Чжан Сяодың "Менің күлкім келеді...сіздердің естеріңіз дұрыс па? деген сауалды қойғым келеді" деген сияқты дөрекі, дипломатияға сай емес мәлімдемелер жасаған. 

Қортындылай келгенде, Қытай елшісінің Қазақстан мемлекетін, Қазақстан азаматтарын қорлайтын мәлімдемелері мен сес көрсетулері қашанға дейін жалғасады? Мұндай дипломатиялық нормаларға сай келмейтін әрекеттер жасайтын елшілерге шара қолданатын құзырлы орындар бар ма?

Авторы: Санат Қонақбай

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір