• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:25:52
Алматы
+35°

Ержан Қыпшақбаев – Қызылорда облысы Арал қаласының тумасы. Жасы 25-те. Осы уақытқа дейін әр жұмыстың басын шалған ол қазір Алматыда "Glovo" жеткізу сервисінің серіктесі, яғни курьер болып жұмыс істейді.

Суретте Ержан Қыпшақбаев

Ержан 9-сыныпты бітірген соң Ақтөбе қаласына оқуға түсті. Төрт жыл колледжде оқыды. Оны тәмамдаған соң Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенті атанды. Алайда қызығушылығы болмай, оқуды орта жолдан тастап кеткен.

 

– Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында сәулетші мамандығының ақылы бөлімінде оқыдым. Жалпы өзім ұнатқан дүниемен айналысуға тырысамын. Сонда істі бар ынтамен жасайсың. Академиядағы оқу уақыт өте жалықтыра бастады. Жалғастыруға ынтам болмай, 1-курстан кейін оқудан шығып кеттім. Мұныма оқытушыларым таңырқай қарады. Өйткені мен топтағы жақсы оқитын студенттердің бірі едім, – дейді ол.

Оқудан шығып қалған Ержан кездескен кез келген жұмысты істеген. Өзінің сөзінше, жұмыс талғамайды.

– Осыған дейін мейрамханаларда даяшы болдым. KFS-де істедім. Құрылысқа араласқан кездер де бар. Ешқандай жұмыстан қашпаймын, керісінше алдымнан шыққан тірліктің барлығына істеп көргім келеді. Ал Glovo-да істеп жатқаныма 7-8 ай болды. Бұл жақта ақшаны күнделікті беріп отырады. Сол жағы тиімді. Басқа сервистерді таңдамау себебім де сол. Күніне ең көбі 11 сағат істеуге болады. Жұмыс кестесін өзің таңдайсың. Мен істеп жатқан компания бір жылдың ішінде "Chocofood", "Яндекс Еда" секілді жеткізу сервистерін басып озды. Бұл мақтанарлықтай дүние, – дейді курьер.

Қыста велосипедпен тапсырыс жасап жүрген Ержан

Ержан әлеуметтік желіде өте белсенді. Өзінің жұмысы мен қызықты сәттерін үздіксіз Instagram парақшасына салып отырады. Курьер қызметінің қаншалықты қызықты екенін барлығы білгенін қалайды.

 

– Қазір менде екі парақша бар. Біріншісіне мағыналы видеоларды, тәрбиелік мәні бар дүниелерді жүктеп отырамын. Екіншісі өзімнің жеке парақшам. Ол жерде жұмыс туралы жазам. Неге екенін көп адам өзінің курьер болып жұмыс істейтінін ашып айта бермейді. Мен "егер қандай да бір жұмысқа кіретін болсам, Instagram желісінде сол туралы айтып отырамын" деп бұрыннан ойлап жүртінмін. Әлеуметтік желіде жұмысын көрсете отырып танымал болып кеткен қасапшылар бар. Мен де сол секілді өзіме қызық дүниені желідегі парақшамда бөлісіп отырамын. Курьердің жұмысы қызықты екенін басқалар да білсе деймін. Қыста тапсырысты жаяу орындайтынмын. Тамақты суытып алмау үшін тезірек жүруге тура келеді. Жұмыс барысында көптеген танымал адамдармен жолығамыз. Бірде Сәкен Майғазиев ағамызбен көрісіп қалдым. Ол кісі сондай қарапайым екен. Екеуіміз біраз әңгімелестік. Мен қандай да бір белгілі адамды көрсем, бірден сөйлесіп көремін. Маған адаммен араласқан ұнайды. Бұл әрекетім үшін ұялмаймын, – дейді ол.

 

Кейіпкеріміздің Instagram парақшасынан

Ержанның сөзінше, карантин кезінде, елдің бәрі үйде отырғанда жеткізушілердің жұмысы қыза түскен.

– Басында жаяу жүрсем, артынан екі велосипед сатып алдым. Кейінірек мопедке көштім. Қазір сонымен жұмыс істеймін. Алғашқы кезде екі аптада 60 мың теңге тапқанмын. Кейін алдыма "одан да көп табам" деген мақсат қойдым. Карантин кезінде барлық курьерлер жақсы ақша тапты. Мен де тоқтамай жұмыс істедім. Айына 500-600 мың теңге таптым. Қазір бұл жұмыс менің басты табыс көзіме айналды Одан бөлек мопед майларын көтерме бағамен алып, сатамын. Бұйыртса қаражат басын біріктіріп, көлік сатып алмақ ой бар, – дейді Қыпшақбаев.

Ержан жұмыс кезінде


Ержан Аралда жүргенде қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға қол ұшын созған.

– Қызылордада жүргенімде әлеуметтік желіден парақша ашып, мағыналы видеолар сала бастадым. Уағыздар, қанатты сөздер дегендей. Кейіннен сол видеоларды бөлісетін адамдардың саны артып, оқырман жинала бастады. Қазір парақшамда 100 мыңдай оқырман бар. Арал қаласында жүргенімде жағдайы жоқ отбасылар парақшама жазып көмек сұрайтын. Мұқтаж жандардың үйіне барып, көмекке зәру екеніне көз жеткізсек, оқырманмен бірге қаражат жинап беретінбіз. Арыс қаласында жарылыс болған кезде де қолдан келгенше көмектесуге тырыстық. Қазір парақша жұмысы тоқтап тұр. Бар ойым жұмыста болған соң әлеуметтік желіге қарауға уақыт тапшы, – дейді Ержан.

Қыпшақбаевтың қайырылымдық жасап жүрген кезі

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір