06 Қазан, 2020 Әлеумет
Фото: polisia.kz
Алматыдағы Көк базардың маңында әйелді тонаған екі ер адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
1976 және 1986 жылғы екі азамат алдын ала жоспар құрып, базар маңына тонау жасау үшін келген. Олар Мақатаев пен Зенков көшелерінің қиылысында әдейілеп алтын таққан әйелдерді іздеп, бақылап тұрған. Белгілі болғандай, екеуі де бұрын сотталған.
Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәурен Өтебаевтың айтуынша, екі қылмысқар әйелдің артынан жүгіріп келіп, алтын алқасын жұлып алған да сол жерден бой тасалаған.
– Біздің бөлімнің қызметкерлері оларды ұстады. Осы қылмысты жасағандардың бірі Түрксіб аймағында осыған ұқсас қылмыстары үшін сотталған. Белгілі болғандай, ол есірткі пайдаланады. Жаңа дозаны сатып алу үшін, ол тағы да әйелдерді тонай бастады, – деді Дәурен Өтебаев.
Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір