07 Қараша, 2020 NEWS
Фото: asyl.arna
"Асыл арна" телеарнасы жабылып, 2021 жылы "Тәлім тв" арнасы ашылады. Бұл туралы жаңа және ескі арнаның директоры Мұхаммеджан Тазабек орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
Ол халық екі арнаға алаңдап қалмас үшін діни аккаунттардың барлығын "Халық арнаға" тапсыратынын айтты.
– Біз күткен тарихи сәт те келді. Бүгін соның куәсі болып отырмыз. Себебі дін деген үлкен аманат, өте нәзік және күрмеуі қиын мәселелердің басын құраған ауқымды сала. "Шымшық сойса да қасапшы сойсын" дегендей, сол саланың мамандары тікелей осы шаруамен атсалысуына әрдайым тілектес болып келдік. "Асыл арна" былай да жұмыс жасап тұра беруіне болар еді. Оған ешқандай кедергі немесе оған ешқандай бір өтініш болған жоқ. Бірақ мен өз тарапымнан жұрт ақпаратты бір ғана бұлақтан алсын, алаңдамасын, екі арнаға алаңдап, еншісін шашып алмасын, бір жерден болсын деп, діни аккаунттардың барлығын "Халық арнаға" тапсырамын деп шешім қабылдадым, – деді ол.
Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында діни ұстанымына қатысты айтылып жүрген әңгімелердің негізсіз екенін жеткізді.
– Әр адамның жеке көзқарасы болады. Өткенде facebook желісінде, ақпараттық бұлақ көздерінде айтып жүргенімдей, қай кезден діни ұстаным ҚМДБ ұстанымымен бірдей. Көп жағдайда ақпарат саласында әртүрлі әңгіме айтылады. Кейін ол тексерілмеген халде сенімен ортақтасып біразға дейін жүреді. Осы күнге дейін де сәлафи немесе басқа бағытта дегенге үлкен бір дәйек, факт жоқ. Керісінше ҚМДБ-мен бірлесе атқарған жобаларым, жұмыстарым ақпараттың ашық көздерінде тұр. Ғұламалар кеңесінде де әртүрлі қаңқу сөздерге жол қалмау үшін ақпарат бір жерден ашық тарқауы үшін көзқарасымды баяндадым. ҚМДБ-мен бір бағытта, бір шариғатта келе жатырмын. Менде басқа бағыт, басқа көзқарас жоқ, – деді М.Тазабек онлайн брифингте.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір