• USD 426.77

  • EUR 509.95

  • RUB 5.89

  • CNY 66.34

18 Маусым, 12:09:09
Алматы
+23°

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі қаралды, деп жазады үкіметтің баспасөз қызметі.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасы 8%-ға, екінші қайталама тұрғын үй бағасы 13%-ға өскен. Отандық құрылыс материалдары бағасының өсімі биылғы қаңтар-сәуірде 16% құраған.

Үкімет ішкі нарық 50 пайызын ғана қамтамасыз ететін арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материалдар бағасының аса көп өсуін электр энергиясының, жанар-жағармай мен магистральдық теміржол желісі қызметінің қымбаттауымен байланыстырады.

Сондай-ақ тұрғын-үйге сұраныстың артуы да қымбатшылыққа әсер еткен. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жыл басынан бері жасалған келісімдер саны өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.

– Құрылыстың жоғары қарқыны құрылыстағы барлық шығындардың үлесі шамамен 50%-ды құрайтын құрылыс материалдарына қажеттілікті ұлғайтады. Осыған орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды, – деген Асқар Мамин Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

"Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды" делінген ақпараттық хабарламада.

Қазақстанда соңғы екі-үш аптада құрылыс материалдары, оның ішінде темір, цемент бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Қымбатшылық өзге де тауарларға әсер етіп, құрылыс нарығындағы көптеген тауар түрлерінің бағасы өскен болатын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір