• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

11 Мамыр, 07:37:24
Алматы
+35°

8 қазанда Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстандағы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басындағы ашаршылық және қазақтардың шектес аумақтарға мәжбүрлі көші-қоны: зерттеу мәселелері» тақырыбында республикалық-тәжірибелік конференция болып өтті.

Республикалық-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырудың негізгі мақсаты – ХХ ғасырдың 20-30-шы жж. басындағы Қазақстандағы ашаршылықтың ерекшеліктерін және қазақ халқының шектес аумақтарға мәжбүрлі көші-қонын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылау.

Конференция Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қаржылай қолдауымен № AP08856865 «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. ZOOM негізіндегі өткізілген конференцияға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, докторанттар, магистранттар, мектептегі тарих пәнінің мүғалімдері мен студент жастар қатысты.

Qamshy

Конференция Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлының алғысөзімен ашылып, Ресей ғылым академиясы СБ Тарих институтының директоры Рынков Вадим Маркович (РФ, Новосибирск қаласы) және «Әділет» Қазақстан тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы Қойшыбаев Бейбіт Орынбекұлы өздерінің құттықтау сөздерін білдірді.

Республикалық-тәжірибелік конференция болып ұйымдастырылғанымен, жоба тақырыбы аясында Орта Азиядан: Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Курманов Зайнидин Карпекович (Бішкек қаласы, Қырғызстан), Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің әлем тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Пасилов Баходир Абдуллаевич (Ташкент қаласы, Өзбекстан), Қарақалпақ бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Джумашев Аскар Мамбетович (Нүкіс қаласы, Қарақалпақстан) және Ресей Федерациясынан: Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімінің Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Аблажей Наталья Николаевна (Новосибирск қаласы, РФ), Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Тарих институтының 1-курс аспиранты Гонзуревский Илья Алексеевич (Санкт-Петербург қаласы, РФ) баяндама жасап, өздерінің ғылыми көзқарастарымен бөлісті.

Сондай-ақ, конференцияда сол бір зұлмат жылдардағы ашаршылықтың көзі тірі куәгері ретінде қатысқан Қызылорда қаласының тұрғыны Қыдырбаева Раушан Қыдырбайқызының «Аштықтан аман сақтаған анамның шоңқайма етігі» тақырыбындағы естелігі қатысушыларды бір толғандырып тастады.

18 баяндама жасалған бұл жиындағы негізгі деген мәселерге шолу жасасақ, Профессор М.Қойгелдиевтің тарихнамадағы миграция терминин босқын (беженцы) ұғымымен алмастыру, Голощекиннің откочевкаға қатысты өзіне тағылған айыпқа мен партияның саясатын жүргіздім деп,кінәсін мойындамаған деректері айтылды. Партиялық биліктің откочевка деп жұмсартып айтқаны, Қазақ халқы аштан қырылып қалмау үшін көшкен дейтіні, соған байланысты аштық, босқыншылық мәселесін тарихшылар өз деңгейінде қарастыруы керектігі тақырыбы көтерілді. Ресейлік ғалым В.Н. Рынковтың Қазақстан мен Сібірдегі ашаршылық мәселесі ең өзекті зерттеуді қажет етеді дейді. Профессор Т.Омарбеков архивтегі құпия құжаттарда голодобеженцы деген термин қолданғанын айта келе, осы жылдары қанша адам қуғындалғанын білмейміз. Жалпы босқындар бір жерде тұрақтай алмаған, сол себепті олардың санын дөңгелетіп айтуымыз керек. Ашаршылықтың хронологиясын анықтаумыз керек. Адам жеу фактілері болғаны ашық айтылмай келеді. Ашаршылық 1930-1934 жылдарды қамтып оның шарықтау шегі 1932 жыл болды деп қорытынды жасады.

Қырғызстандық профессор З.Құрманов голодаюшие беженцы терминін қолданатынын айтып, Талас ағамыз көтерген адам етін жеу Қырғыз жерінде де болғандығын айтып, ашарлыққа қатысты барлық құжаттар жойылғандығын тілге тиек етті. Бірен-саран құжаттар болмаса кездестірмейсің. Архивте жұмыс істеп Қырғыз жеріндегі қазақ босқындарына қатысты құжаттарды іздеудемін деді. Зайнидин аға әртүрлі уақытта Қазақстаннан бірнеше толқын қазақ босқындары келген деп тұжырымдайды. Ол бұл аштықтың 1933 жылы Қырғыз жеріндегі қазақ арасында болғаны туралы деректерімен бөлісті. Құжаттардың негізінде Қырғыз үкіметі Қазақ үкіметі жіберген қатені жасамаймыз деп Қырғыз халқын аштыққа ұшыратқан жоқ. Шамамен 30-35 шаруашылық қазақ босып келді деп әдейі адам санын қысқартып, есептеген. Шындығында қазақтың әр отбасында шамамен 9-10 адамнан деп есептеу керек дейді. Демократиялық Қырғызстанда демократия жоқ, күштік құрылымдардағы архивте жұмыс істеуге әлі күнге дейін рұқсат жоқ деді. Ресейлік ғалым әріптесіміз, эмиграция терминін қолданып, Қытайға кеткен қазақтың санын құжаттарда 83 мың шаруашылық деп, екінші зерттеулерде 200 мың адам деген мәліметті келтірді. Қалай дегенмен аштан өлген адамның санын азайту мақсатында шетелге кетті деп көрсету тиімді болғанын аңғарамыз. Жалпы Кеңес үкіметі шетел асқандарды 1926 жылғы заң бойынша жазаласа, 1936 жылғы заңда «Отанын сатқандар» деген айып тағылды. Өзбекстандық ғалым Пасилов Баходир Кеңес үкіметінің 1920-1930 жылдардағы екі ашаршылықтың себебі бір, ол большевиктердің қылмысы деп тұжырымдады. Қызылордалық тарих пәнінің мұғалімі, педагог – зерттеуші Н.Ибраева мектептегі 9 сынып Қазақстан тарихы оқулығында ашаршылық туралы ақпарат өте жұтаң, Дәуір құжаттарында бір ғана Қытайға кеткендер туралы құжат берілген. Тарихи құжаттар, деректер кестеде, картада берілсе оқушы бала көзбен көріп есінде жақсы сақтар еді деп, оқулық жазып жүрген тарихшы ғалымдарымызға қарата ұсынысын айтты. Конференция ұйымдастырушыларына ғылыми институт мектептегі оқушылар арасында ғылыми жобалар ұйымдастыруды да қолға алса деген ұсынысын да ортаға салды.

Алматыдағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында өткен бұл конференцияға Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Рудный қалалары ал, шетелдерден, Новосибирск, Санкт-Петербург, Саратов, Ташкент, Бішкек, Нүкіс қалаларының жоғары оқу орындарынан, ғылыми-зерттеу институттарынан, архив, мұражай және орта мектептерден қазақ босқындары тақырыбына бей – жай қарамайтын азаматтар қатысып, баяндамаларын ортаға салып, талқылаудан өткізді.

Қорыта айтқанда конференцияны ұйымдастырушылар осы баяндамаларды жинақ ретінде шығаруды жоспарлап отыр.

Байдалы Рауан, PhD доктор, А.Байтұрсынұлы атындағы
Қостанай өңірлік университеті

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Тарих Этнология

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір