• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 18:17:02
Алматы
+12°

Орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатпақ. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.

Тілеуханның өкілеттігі неліктен мерзімінен бұрын тоқтатылатыны әзірге белгісіз.

Бекболат Тілеухан 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған.

1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "концерттік орындаушы" мамандығы бойынша, 1998 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетін "инженер-металлург" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы президент оркестірінің көркемдік жетекшісі қызметінен бастаған.

Әр жылдары мәдениет саласында, атап айтқанда Мәдениет комитетінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, Мәдениет вице-министрі қызметтерін атқарған.

2004-2011 жылдары екі мәрте мәжіліс депутаты болып, 2012 жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті атанады. Қоғамдық қауымдастықты әлі күнге дейін басқарады.

2016 жылы қайтадан депутат атанып, 2021 жылғы мәжіліс сайлауынан кейін де парламенттегі орнына оралған. NurOtan партиясының мүшесі.

Бекболат Тілеухан көпшілікке о баста ұлттық-патриоттық әндердің, термелердің орындаушысы, шешен сөйлейтін, әңгімесіне тыңдаушысын ұйыта алатын адам ретінде танылды. Оның орындаушылық өнерін, ұлттық бағыттағы айтқан әңгімелерін ықыласпен тыңдайтындар, жоғары бағалайтындар көп болды.

Кейіннен депутат болып, бірқатар даулы оқиғалардың ортасында қалды. Мәселен, 2016 жылы жер мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқанда "жер шетелдіктерге жалға беріледі, жердің иесі болуы керек, ол дамуы керек" деген сөздер айтып сынға ілінді.

2020 жылы мамырда "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс талқыланып жатқанда сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кей вакциналар міндетті болатынын, бұл инфекциялық аурулардың алдын алуға, азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталғанын, ата-аналар балаларына екпе салдырмауының салдарынан бұрын ұмыт болған ауру түрлері қайта шыға бастағанын айтқан. Алайда Бекболат Тілеухан депутаттардың ішінде жалғыз өзі міндетті вакцинацияға қарсылық білдірген.

Сол жылдың тамызында журналист Серік Боқан Бекболат Тілеуханнан қарғыс естігенін айтып, дәлел ретінде екеуара әңгіменің аудиожазбасын жариялаған. Экс-депутат мұндай жағдайдың болғанын жоққа шығармай, журналисті ашумен қарғағанын мәлім еткен. Осы оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқанда белгілі журналист Серік Аббас-шах бұған дейін Бекболат Тілеуханмен кездесіп қалғанында экс-депутат өзін қарғыс тізіміне қосқанын айтқаны туралы жазған.

2020 жылдың қыркүйегінде журналист Тоқтар Жақаш Facebook парақшасында шетелге заңсыз қару сатып ұсталды делінген адамның видеосын жариялады. Ол жердегі адам шетелге қару сатуда депутат Бекболат Тілеухан қолдау білдіретінін жеткізген. Экс-депутат видеодағы айтылғандар толықтай жала екенін, абырой-беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат беруші видеодағы тұлғаларды анықтау үшін құзырлы органдарға шағымданғанын мәлім еткен.

Сондай-ақ ол 2021 жылғы наурызда Алматыда өткен феминистр шеруіне "азғындық", "құбыжық құбылыс" деп баға берген.

8 желтоқсанда Азаттық радиосы журналисіне Арон Атабек туралы айтқандары да желіде қызу талқы тудырды.

Ол 15 жыл бұрынғы Шаңырақ оқиғасы кезінде үйлерін қорғауға тырысқан халықтың наразылығын күшпен басуды "заңды әрекет" деп сипаттауға тырысып, 2006 жылдары депутат болып тұрған тұста Арон Атабек, Шаңырақ мәселесін көтеріп, депутаттар назарын үйлерін заңдастыра алмай жүрген азаматтардың мәселесіне аудартқанын айтады. Бірақ сол кезде "эмоцияға беріліп" мәселенің байыбына бармай "қызу кіріскенін", артынан "опық жегенін" жеткізді. 

– Басында түсіндірген кезде ол кісі (Арон Атабек – ред.) керемет шешен болды. Елпілдеп кеттім. Шынымен қызу кірістім. Шаңырақтың мәселесін парламент қабырғасында кәдімгідей қозғадым. [Әріптестерім] "Бекболат, сен эмоцияға салынба, тұра тұр, бұл нәрсені тексеріп ал!" деді. Мен тексерместен кірістім. Сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты парламентке шақырдым... Кейін [істің мән-жайын] маған түсіндірген кезде істеп жатқан нәрселердің барлығы қарап отырсақ, шынында да бәрі дәлелденген, айтып отырған айғақтардың барлығына көзімді жеткізді, – деді Бекболат Тілеухан Азаттық радиосы журналисіне.

Сондай-ақ ол АҚШ конгресі тарапынан қаржыландырылатын халықаралық басылым журналисін "Американың сойылын соғып жүрсің" деген сыңайды айыптап, журналисті "елбұзар" деп атаған.

Бүгін журналистерге өкілеттігін тоқтатуы 8 желтоқсандағы даулы сөздерімен байланысты еместігін, шешім қыркүйекте қабылданып қойғанын айтқан.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Бекболат Тілеухан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір