• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 22:01:05
Алматы
+12°

Фото: Назкен Жақсыбаеваның жеке мұрағатынан

Бүгінде ІТ саласы елімізде кеңінен қанат жайып келеді. Соның бір нәтижесі деп IN-VR платформасын айта аламыз. Бұл жобаның ерекшелігі – адамдар қашықтағы дүниені көзілдірікпен шынайы көре алатындығында. Аталмыш технологияның қыр-сырын ІТ маманы Назкен Жақсыбаевамен сұхбаттан біле аласыздар.

- Назкен Ғалымқызы, ІТ мамандығына қызығушылық қалай оянды? Осы салада жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды?
 
- Маған бала кезімнен бастап жаратылыстану бағытындағы пәндер ұнайтын еді. Мысалы, математика және физиканы сүйіп оқыдым десем артық етпес. Сандармен және алгоритммен жұмыс істегенді ұнататынмын. Уақыт өте келе IT тек нақты есептерден ғана тұрмайтынын түсіндім. Мұнда шығармашылықта ерекше рөл атқарады. Себебі әрбір жоба – ең алдымен, идеядан басталады, кейін сол идеяның іске асыру кезеңіне көшеміз.

ІТ саласында  жұмыс атқарып келе жатқаныма 8 жылдан аса уақыт болды. Қазақстанның бірнеше атақты банктерінде қызмет істедім. Онда мен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеп, ақпараттық жүйелерді талдаумен және IT-жобаларды жүзеге асырумен айналыстым.

- Жалпы елімізде бұл сала қаншалықты даму үстінде?
 
- Қазіргі таңдап елімізде IT-жобалардың жүзеге асырылуы айтарлықтай жоғары деңгейде деп ойлаймын. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, біздің мамандар шетелдіктерден еш кем емес. Түрлі салаларда пайдаланылатын көптеген қолданбалы бағдарламалар, өнімдер, бағдарламалық жасақтамаларды біздің әріптестеріміз де іске асырып жатыр. Тек олардың өнімін өзімізде жарнамалап, қолдау көрсету керек.
 
- Виртуалды көзілдірік туралы идея қалай келді?
 
- IN-VR платформасының негізін еліміздің ІТ мамандары Дархан Дауталиев және Алина Абдрахмановамен бірге қаладық. Біз әлемнің кез келген түкпіріндегі өтіп жатқан іс-шараларды елде жүріп-ақ көре беруге болатын дүние жасап шығарғымыз келеді. Сол идеяның негізінде ВР арнайы бас киімін кию арқылы іске қосылатын VR көзілдіріктерінің құрылымын өзімізше әзірледік.
Фото: Назкен Жақсыбаеваның жеке мұрағатынан

Біздің жоба өзге виртуалды шындық көзілдіріктерімен ұқсас келеді. Мәселен, бұл құрал арқылы да түрлі бейнелерді 360 градуста көре аласыз. Құдды өзіңіз сол жерде саяхаттап не ойын ойнап жүргендей әсер аласыз.

- IN-VR-технологиясын қандай мақсатта, не үшін қолданады?  Пайдасы туралы айтып өтсеңіз?
 
- Адамдар көбіне IN-VR-технологиясын көңіл көтеру мақсатында пайдаланады. Дегенмен біздің жобада онлайн білім алу жүйесі де қарастырылған. Негізгі мақсатымыз да солIN-VR-жүйесін оқу және білім беру салаларында кеңінен қолдану. Жалпы біздің технология мен қашықтан білім беру жүйесінің айырмашылығы бар. Қарапайым біз білетін қашықтан оқытуда мұғалім мен оқушы арасында тілдесу мүмкіндігі шектеулі болады. Сонымен қатар кей жағдайда білім алушылар оқу материалдарын дұрыс игере қалмауы да мүмкін. Ал IN-VR-технологиясы осындай мәселелерді шешеді. Мәселен, оқу процесі басталардан бұрын дәріс, конференция немесебасқа оқыту курстары өтетін аудиторияларда 360 градус камерасы алдын ала орнатылады. IN-VR-платформасы арқылы сол камераға жоғары сапамен жазылған бейне VR-көзілдірікке беріледі. Яғни VR-көзілдірігін киген білім алушы басқа жерде отырса да, өзін сол бөлмеде болғандай сезінеді. Ол сабақ берушіге сұрақтар қоя алады, одан жауап ести алады, әрі басқа қатысушылармен пікірлесе алады. Ең маңызды ерекшелігі – осы технология арқасында әлемнің түпкір-түпкірінде орналасқан оқу орындарынан үйден шықпай-ақ білім ала аласыз.

VR-жүйесін тағы қандай мақсатта қолдануға болатынына тоқталайын. Өзге аймақтағы іс-шараларды, футбол жарысын немесе бір шетелдік жұлдыздың концертін көргіңіз келді дейік. Кейде сол шаралардың билеттері өте қымбат болады немесе тез сатылып кетеді. Сонымен қатар ұшып-келу, визалық алымдарға ақшаңыз тағы шағындалады. Мұндайда сіз электрондық билетті сатып аласыз да, IN-VR-платформасындағы жеке кабинетке кіресіз. Билеттің кодын енгізіп, бейнені компьютер, ноутбук, ұялы телефондағы браузер арқылы немесе VR-көзілдірігін киіп көре аласыз. Мінекей, осылайша уақытты да, қаржыны да үнемдеуге болады.

- Жобаңыз туралы қызық әңгіме өрбіттік. Ал енді ІТ саласында алға қойған қандай мақсат, жоспарларыңыз бар?
 
- Алға қойылатын мақсатымыз – виртуалды шындық платформасын тек конференция, концерт, білім беру аясында ғана қолданбай, сонымен қатар Қазақстанның басқа да өнеркәсіп салаларында сынап көру. Жоба аясын кеңейтіп, қазақстандық және еуропалық оқу орындарымен және кәсіпорындармен келіссөздер жүргізу де – алдағы жоспарымыздың бірі. Отандық өнім – IN-VR платформасы еліміздегі ақпараттық индустрияға аударылатын инвестициялардың көбеюіне, онлайн білім беру әдістерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға, ғылымды қажет ететін салаларда халықты жұмыспен қамтуға және өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін жақсаруына себеп болады деген үміттемін.
 
- Сұхбатыңызға рақмет! Сіздерге сәттілік тілейміз!
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір